Биыл қар ерте түсіп, Петропавлда коммуналдық қызметтер іске кірісті. Алайда жеке тұрғын үйде тұратын жалғызілікті қарттарға ауладағы қарды тазалау физикалық тұрғыдан қиын, әрі қауіпті. Мұндайда қаладағы жастар ресурстық орталығы көмекке келеді.
Петропавлдағы жастар ресурстық орталығының волонтерлері «Қайырымдылық жаса» акциясы аясында қариялардың, зейнеткерлердің жеке ауласын қардан тазартты. Тыл еңбеккері Любовь Жабина 87 жаста. Жалғыз тұрады. Көп жүріп, қозғалуға денсаулығым мүмкіндік бермейді дейді.
ЛЮБОВЬ ЖАБИНА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Қар көп болмаса да, қазір жүріп-тұруға ыңғайсыз, қақпа да ашылмай қалады, бұрынғыдай күш-қуатымыз жоқ. Жастарға ризамын. Қоңырау шалсам бірден келіп көмектеседі. Уақыттарын бөліп, бар күшін салып, ауланы қардан тазартып жатқан балаларға көп рақмет.
Мұндай жұмыстың тәрбиелік мәні де зор.
ДАМИР АБДИН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
- Петропавл жастары мұндай жұмыста үнемі белсенді. Біз бұл кісіге үнемі келіп тұрамыз. Ауласының қарын тазалаймыз, су тасып береміз, көмір түсіреміз.
Еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты түрде көмек көрсетеді. Олар тек аулаларды тазалауға ғана емес, басқа да үй шаруасына көмектеседі.