Облыстық прокуратурада заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында өңір халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылды. Отырыста 42,5 мың тұрғыны бар облыстың 202 ауылында су құбырының жоқтығы айтылды. Сондай-ақ өңірдегі су желілері 35 пайызға тозған, соның ішінде Петропавл қаласында, Ақжар және Аққайың аудандарында жағдай көңіл көншітпейді.
Сондай-ақ кеңес отырысында сумен жабдықтаудың жекелеген көздерінің иесіздігі мен санитарлық нормаларға сәйкес келмеуі, суды тұтынуға бекітілген тарифтердің жоқтығы, нысандарды сапасыз және ұзаққа созылған қалпына келтіру мәселелері айтылды. Ауыз суды тұтынуды есепке алу қажеттілігіне де баса назар аударылады. Талқылау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға, табиғи монополиялар субъектілеріне және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына жағдайды жақсарту және облыстың әрбір тұрғынын сумен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілді.