2022 жылы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының Орал қаласына гастрольдік сапары барысында театрлар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осыған орай, 4-6 қараша аралығында Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры 4 қойылымын ұсынады. Біздің түсірілім тобы «Хан Жәңгір» спектаклінде болды.


Батыс қазақстан облыстық қазақ драма театры өз жұмысын 1993 жылы 16 желтоқсанда М.әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен бастады. Осы аралықта театр 32 маусымды ашып, 4 халықаралық фестивальге қатысты. Спектакль басталмас бұрын, Хадиша Бөкеева атындағы театрдың директоры және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемірованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.


Үш күндік гастроль барысында Батыс Қазақстан облыстық театры солтүстікқазақстандық көрермендерге 4 спектакль ұсынады. Бірінші күні ұлы хан Жәңгір туралы қойылым сахналанбақ. Спектакльдің сценарийін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев жазған.


ЖАНАРГҮЛ ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Х.БӨКЕЕВА АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ:

- Мен театрда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде әртүрлі рөлдерді сомдадым, бірақ бүгін Қызылжарға келіп жатырымыз мен Жәңгір ханның жары Фатиманың рөлін сомдаймын. Спектакльдің премьерасы 2015 жылы өтті және осы уақыт аралығында көптеген марапатқа ие болды. Петропавл қаласына алғаш рет келіп тұрмын, бірақ бұл қала маған Оралды еске түсіреді, өз үйімізге ұқсайды.


Хан Жәңгір — халқымыздың тарихында ерекше орны бар белгілі тұлға. Қазақстан тарихында аты аңызға айналған, ағартушылықпен айналысқан дана саясаткер ретінде белгілі. Спектакльде басты кейіпкердің мінезін актер Азат Мыңбаев сомдайды.


АЗАТ МЫҢБАЕВ, Х.БӨКЕЕВА АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

- Бүгін, бұйырса, «Хан Жәңгір» спектаклінде көрерменмен жүздесеміз. Бұл қойылымда мен Жәңгір ханның рөлін сомдаймын. Жәңгір ханның бейнесі  терең мазмұнды, ауқымды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін рөл. Сондықтан оған ерекше дайындалып, зор жауапкершілікпен келдім.


Айта кетейік, 2022 жылы Атырау қаласында өткен Рахымжан Отарбаев драматургиясы бойынша IV республикалық театр фестивалінде «Хан Жәңгір» қойылымы жүлделі ІІІ орынды иеленді