Солтүстікқазақстандық ақын, жазушы, журналист Зейнолла Әкімжановтың шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Кітаптың жарыққа шығуына жас ақын Самрат Құскен 2,5 жылын жұмсаған екен. «Замана шам-шырағы» деп аталған жинаққа қаламгердің 400-ден астам өлеңі, поэмалары, балладалары, новелла-әңгімелері енген.


Зейнолла Әкімжанов 1951 жылы Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Ақын, аудармашы, журналист, Жазушылар одағының мүшесі. Бар ғұмырын журналистика саласына арнаған жерлесіміз, ақындық-жазушылықты қатар алып жүре білді. Туындыларына туған жерді, сұлулығы талайды тамсандыратын солтүстіктің табиғатын, махаббат пен батыр-жырауларды арқау еткен. 1993 жылы қаламгердің тұңғыш «Жерұйық» жыр жинағы, 2001 жылы «Мизамшуақ» кітабы жарық көрді. Өзі дүниеден өткеннен кейін ақынның «Оттай ыстық Отынағаш» кітабы басылды.


ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

- Марқұм Зейнолла Әкімжанов жақсы ақын еді. Ол журналистиканы ақындыққа пайдаланды деуге болады. Ақындар көбінесе көңіл-күйменен, бастан кешкенге байланысты өлең жазады деуші еді. Ал, бұл ақын боп туған. Күнде өлең жазатын. Өмірінің барлық кезеңдеріне арнаған өлеңдері бар.


Сиясы кеппеген «Замана шам-шырағы» жинағына қаламгердің 400-ден астам өлеңі, поэмалары, балладалары, новелла, әңгімелері енді. Жас ақын, әрі әріптесі Самрат Құскенов Зейнолла атамыздан қалған мол мұраны жастар арасында дәріптеп келеді. Әдебиет майталманының ізбасары бүгінгі іс-шарада кітаптың құрастырушысы ретінде сөз алды. Тұсаукесердің алдында жас ақын ұзақ уақыт ізденіс үстінде болған екен.


САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, АҚЫН:

- Ағамыздың шығармалары Солтүстік Қазақстан газетінің 1984-2014 жылдар аралығында шыққан беттерінде жарық көрген шығармалары енгізілді. Бұл шығарманы жинау үшін 2,5 жыл уақытым кетті. Мұрағаттың құжаттарын ақтарып, шашылып қалған материалдардың барлығы бір қолда тұрсын деген ниетпен поэзиясы мен прозасын оқырмандар қауымына тарту қылып жатырмын.


Зейнолла Әкімжанов Сергей Есенин, Марина Цветаева, Николай Гумилев пен петропавлдық Владимир Шестериковтың өлеңдерін аударған. Поэзиядан бөлек проза, драматургия саласында да із қалдырып, новелла, әңгіме, хикаяттар жазған. Қаламгердің өлеңдері мен танымдық мақалалары өңірлік, республикалық басылымдарда жарық көрді. Алдағы уақытта игі іс-шара өңіріміздің 13 ауданында өз жалғасын таппақ.