Биылғы жылдың 9 айында орман пайдалану, спорт, әлеуметтік қорғау, энергетика және жолдар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 5 сыртқы талдау жүргізілді. Жол құрылысы саласында жалпы сомасы 12,4 млрд теңгеге техникалық қадағалауды жүзеге асырмай, аудандық және кенттік жолдарға орташа жөндеу жүргізудің 80 фактісі анықталған. Соңғы 4 жылда облыста 212 млн теңгеден астам сомаға жолдарды жөндеу бойынша 48 жоба әзірленген. Десе де, бүгінгі дейін біреуі де іске асырылмапты. Сонымен қатар, 10 ауданда және Петропавл қаласында жол паспорттары жоқ, Сәйкесінше жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелерінде жолдардың жай-күйі туралы сенімді деректер жоқ.


АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жол-құрылыс материалдарын рұқсат етілген көлемінен асыра бағалау фактісі белгіленді. Ауыл жолдарына орташа жөндеу жүргізу бойынша 21 жобада нормативтік құжат талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты инертті материалдардың көлемі 53,2 мың текше метрге артып, жобалардың құны 208,3 млн теңгеге өскен.