Қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескер, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі Марал Ишанға арналған жылжымалы көрме халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Жиында Марал бабаның өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі кеңінен талқыланды.


Конференцияға баяндамашылар Марал Ишанның үлгі-өнегесі, ұмытылмас ұла¬ғаты, құнды мұрасы туралы ғылыми тұжырымдамаларын дайындаған. Әсіресе отарлау саясатына қарсы шығып, елі мен жерін, діні мен ділін қорғау жолында күрескер азамат болғандығы жайында өз ой-пікірлерін ортаға салды.


АМАНЖОЛ КҮЗЕМБАЙҰЛЫ, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚОСТАНАЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

- Керемет қайраткер, діни қайраткер, мемлекет қайраткері Марал Ишан жөнінде Қостанай жұртшылығы өте жақсы біледі. Қызылорда да біледі. Жыл сайын конференциялар өткізіп тұрады. Бірақ солтүстіктің жұртшылығы оны біле бермейді. Сондықтан да бүгінгі конференцияның мақсаты ол насихат. Сол кісіні өзінің туған жеріне, туған еліне білдіру.


Марал Ишан әулетінен Мамырбай, Оспан, Қалмұхамед, Үндемес сынды ізін қуған ишандар шыққан. Марал баба ұрпағы Құралай Сейітжанқызы бұл конференцияға арнайы Қызылорда облысынан келген екен.


ҚҰРАЛАЙ СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ, МАРАЛ ИШАННЫҢ ШӨБЕРЕСІ: 

- Киелі бабамыз көкірегі ояу, көзі ашық кісі болған. Көп оқыған. Сондықтан да біздің бабамыздың аты тарихта қалып отыр. Осы жылы бабамыздың шетке шыққан кітабы табылып, ол кітаптың Кенесары ханға сыйға берілгені. Екеуінің мөрі бар сол кітаптың бетінде. 4 ай реставрациядан өтіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып қойылды. Енді Петропавл жері біздің ата-қонысымыз болған.


Марал Ишан 1841 жылы қайтыс болып, сүйегі Қызылорда облысының Қармақшы ауданына жерленген.