Облыс аумағында жыл басынан 303 өрт тіркелді. Соның салдарынан өрттен 23 адам ажал құшты. Көп жағдайда өрт электр жабдықтарын орнату және техникалық пайдалану ережелерін бұзу салдарынан пайда болады. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
Биыл 226 өрт жеке үйлерде шыққан. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жылыту кезеңінде өртке қарсы ережелерді қатаң ұстануды тағы бір мәрте еске салды.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- 1 қазаннан бастап облыста жылыту маусымы басталғалы бері өрттен бірнеше адам көз жұмды. 6 қазан күні облыс орталығында Рабочий кентіндегі Зайцев 6А көшесінде жеке үйден өрт шықты. Ол жерде ер адам, әйелдің және баланың мәйіті табылды. Келесі күні шамамен таңғы 9 шамасында «Ракета» саяжайында өрт оқиғасы болды.
15 тамыздан облыс аумағында өрт қауіпсіздігі айлығының 1-кезеңі басталды. Мамандар халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 4483 тұрғын үйді есепке алды. Бұл үйлерде 11 392 адам тұрады. Соның 4411-і бала.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Жер үйде тұратын азаматтарға аса қырағылық таныту керек. отын жағатын пешке назар аударған жөн. Оларды уақытында тазалап, мұржаны да ұмытпау керек. Сақтық - ең бірінші кезекте.
Еске сала кетейік, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.