Жыл басынан бері облыста есірткі қылмысы үшін 78 адам жауапкершілікке тартылды, оның жартысынан астамы – 16 мен 25 жас аралығындағылар. Есірткі қылмысының алдын алу мақсатында өңір полицейлері оқушылардың қатысуымен ауқымды акция өткізді. Іс-шараға 200-ге жуық оқушы қатысты.


Бірінші лицейдің, бірінші гимназияның және қалалық классикалық гимназияның 200-ге жуық жоғары сынып оқушылары есірткі граффитиін бояп жою үшін тәртіп сақшыларына көмекке келді. СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған ауқымды іс-шарада жас петропавлдықтар белсенділік танытты.


АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күні нашақорлық пен есірткі қылмысы үлкен әлеуметтік проблема. Республика Президенті өз Жолдауында қоғамды, азаматтық институттар мен барлық мемлекеттік органдарды нашақорлықтың алдын алу және жалпы есірткі қылмысына қарсы күрестің сапасын арттыру үшін атсалысуға шақырады.


Қауіпті жазбаларды жоюға аттанбас бұрын жастар флешмоб өткізді. Оқушылар «Нет наркотикам» деген сөзді құрап тізіліп тұра қалды. Бұдан соң «Динамо» спорт кешенінің алаңында қатысушыларға қажетті ақпарат айтылып, бояу құтылары таратылды. 10 топқа бөлінген жастар учаскелік инспекторлармен және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірге қалаға аттанды. Тек алғашқы сағатта есірткі саудалаушы интернет-дүкендердің мекенжайлары көрсетілген 60-тан астам жазба жойылды.


Жыл басынан облыста түрлі есірткі қылмысы үшін 78 адам жауапкершілікке тартылды, оның жартысынан астамы – 16 мен 25 жас аралығындағы жастар. Полицейлердің айтуларынша, нашақорлық пен есірткі саудасына кіріп кетпеуі үшін жасөспірімдерді есірткіге қарсы іс-шараларға тарту өте маңызды. Полиция қызметкерлері биыл заңсыз айналымнан 754 кг. астам түрлі есірткі, оның ішінде 5 кг. 783 гр. синтетикалық есірткі тәркілеген.