ҚР көлік министрі Марат Қарабаев өңірге жұмыс сапарымен келді. Облыстық әкімдікте жиын өтіп, жол мәселесі қозғалды. Биыл облыс жолдарын жөндеуге 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Оның қатысуымен облыстық әкімдік қабырғасында жиын өтті. Аймақта автомобиль жолының ұзындығы 8400 шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша өлкеміз елде екінші орында тұр.
Сондықтан, сала назар аударуды қажет етеді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Солтүстік Қазақстан облысында жыл артқан сайын жол-құрылыс жұмыстарының ауқымы ұлғайып келеді. Биылдың өзінде жөндеуге 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоспар бойынша маңызды іспен 938 шақырым қамтылуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Жол салу және жөндеу бір күнде тындырылатын іс емес. Биылғы ауа райы да сала өкілдеріне қиындық келтірді. Дегенмен, жоспар біртіндеп орындалып жатыр. Жұмысқа 51 мердігер мекеме жұмылдырылған.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
- Елді мекендердің көшелерін жөндеуге көп көңіл бөлінуде. Биыл 55 ауылдың ішкі жолдарын қалыпқа келтіруге 8,2 млрд теңге бөлінді. Жұмыс 34 ауылда аяқталды, 110 шақырым тақтайдай тегіс болды. Облыс орталығында да мердігерлер тер төгіп жатыр. Сонымен қатар, төтенше жағдай резервінен су тасқынынан зардап шеккен 10 учаскені қалпына келтіруге 5,2 млрд теңге бағытталды. Қазір барлық аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 2 мың шақырымды құрайды. Мемлекеттік бағдарлама аясында "Челябі - Новосібір" тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жол арқылы адамдар Қорғанға шығады.
ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ» СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
- Бұл жол Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарына қолжетімділікті жақсартады. Жұмысты «ҚазСтройТехник» компаниясы жүргізіп жатыр. Келісімшарт сомасы 9,9 млрд теңгені құрайды. Қазір 18 шақырымда қатынауға болады. Ағымдағы жылы 15,3 шақырымның жоғарғы қабатының құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды.
Жоспар бойынша бұл жолдағы жұмыстар келесі жылы аяқталады. Марат Қарабаев Президент тапсырмасы бойынша келіп отыр. Бүгінде ведомствоның алдында зор міндет тұр.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
- Өткен жылдың 15 желтоқсанында өңірде жұмыс сапарымен болдым. Сонда бірқатар мәселе қағазға түртіп алынды. Осы жолы да өткір тұстарға назар аударамыз. Президент өзінің Жолдауында облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарлама жайлы айтып, қамту көрсеткішін 10 мың шақырымға жеткізуді тапсырды. Маңызды міндетті орындау үшін аймақтарды аралап, қандай жоба қолға алуға болатынын нақтылап жүрміз.
Айта кетейік, Марат Қарабаев өңірімізге дейін еліміздің бірнеше облысында болды.