V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Сәния Әскер өңірге оралды. Ол ұлттық құрама сапында бес асықтан өнер көрсеткен еді. Чемпионды теміржол вокзалынан туған-туыстары, достары мен әріптестері қошеметпен күтіп алды.
Сәния Әскер Қазақстанның спорт шебері және Евразия Кубогының чемпионы. Көшпенділер ойынына қатысу үшін іріктеуден өтіп, Қазақстан құрамасына алынды. Жарыс басталғанша спортшы шеберлігін шыңдап, дайындалды. Нәтижесі көп күттірмеді. Әлемдік аренада өңір ғана емес, ел намысын қорғап шықты.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Сәния мен сені облыс,спорт басшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын. Сен біз үшін әрдайым жеңімпазсың. Енді алдағы уақытта сені тағы да үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Бүгін сені қарсы алуға мектеп оқушылары да келді. Ертеңгі күні оларда сенен үлгі алып, Қазақстанның атын шығарады.
9-шы қыркүйек бес асық ойыны басталысымен Сәния ең бірінші Венгрия және Қырғыз елінің спортшыларын 3:0 есебімен ұтқан. Кейін 10-шы қыркүйек Румыния және Швеция елінің спортшыларын дәл осы есеппен аяқтап финалға жолдама алды.
СӘНИЯ ӘСКЕР, V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
- Барлықтарыңызға көп рахмет. Осындай сый құрметтеріңізге, көңілдеріңізге өте қатты қуанып қалдым осылай қарсы алғандарыңызға. Ерекше сезім. Ешқандай қорыныш болмады.
Сәния Әскер 7 жылдың көлемінде бес асық ойынын кәсіби түрде ойнап жүр. Жатттықтырушысы Ағжан Сұрағанов пен 2017 жылдан бастап бірге жұмыс істеп келеді. Бапкердің айтуынша, Сәния үнемі барлық жарыстарға тиянақты дайындалады. Және ұлттық спортқа жанашыр қыздардың бірі.
Сәния Әскер алдағы уақытта бес асыққа қызығушылы бар қыздар үшін арнайы орталық ашып, өз тәжірибесімен бөліскісі келеді.