Биыл су тасқынының кесірінен және жаңбырдың көп жаууынан Петропавлдағы су құбыры мен кәріздік желіге біраз зиян келді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Мамандар бұл шаруаны күздің соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Қызылжар Су» ЖШС 8 айдың ішінде өз қаражаты есебінен 5,5 км су құбыры мен 1,5 шақырым кәріз желісін ауыстырған.
Мынау - Батыр Баян мен Лесная көшелерінің қиылысы. Бұл жерде салынғанына 37 жыл болған су құбыры ауыстырылып жатыр. Тозған дүниенің орнына диаметрі 225 мм-лік жаңасы төселеді. Ауыстырылатын аумақ - 275 метр. Бұл мақсатқа бағытталған инвестициялық қаржы - 10 млн теңге. Дәл осы жерде мамандар екінші күн жұмыс істеп жатыр. Бір айта кететіні, маңайдағы үйлерде су тоқтатылған жоқ.
КӨШЕРБАЙ АБРАЕВ, УЧАСКЕ БРИГАДИРІ:
- Жаңа құбырлар Сәтбаев көшесінің жартысын, аурухананы сумен қамтамасыз етеді. Құбырды айырбастайтын уақыт та келіп қалды.
Бүгін сумен қамтушы кәсіпорын мамандары тілшілер мен қоғам өкілдеріне атқарып жатқан жұмыстарын көрсетті. Осы топ келесі болып Алматы көшесі, 11 мекенжайына барды. Бұл жерде су құбыры емес, кәріз желісі ауыстырылып жатыр. Іске 10-ға жуық маман жұмылдырылған.
Биыл тасқын судың да, жауынның да көп болуынан су құбыры мен кәріздік жүйеге біраз зақым келген. Сол себепті, қазір осы мәселені шешуге баса мән беріліп жатыр. Қызылжарсулықтар 8 айдың ішінде өз қаражаты есебінен 5,5 км су құбыры мен 1,5 шақырым кәріз желісін ауыстырған.
АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, "ҚЫЗЫЛЖАР СУ" ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:
- Жөндеу жұмыстарына тасқын аяқталғаннан кейін бірден кірісіп кеттік. Күздің соңына дейін аяқтаймыз. Жоспарланған жұмыстың 60 пайыздан астамы тындырылды. Алдағы уақытта басқа бағыттағы су құбырлары мен кәріз желілері ауыстырылады. 409 млн теңгенің жартысына жуығын игердік. 131 млн-ы су құбырына, 71 млн-ы кәріз желісін жаңалауға бағытталды.
Айта кету керек, қазір қала бойынша су құбырының ұзындығы 370 шақырымды құраса, кәріздікі - 260 км. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының нәтижесінде су құбыры және кәріз желілерінің тозуы 2,4 пайыздан 0,5 пайызға төмендемек.