5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші күні аяқталып, спортшылар көкпар, көкбөрі, аударыспақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, қазақ күресі, мас-рестлинг, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен сынға түсті.


Аударыспақ жарысында үш салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жеңімпаздар анықталды. Қазақстан қоржынында екі алтын бар. Түркі нақышындағы жамбы ату сайысына 27 елден 78 спортшы қатысты. Қазақ күресінен өткен әйелдер мен ерлер арасындағы жарыста 41 елдің спортшылары 8 салмақ дәрежесінде жеңіске таласты. Отандастарымыз 4 медальді қанжығалады. «Қазанат» ипподромында кезекті көкпар жарыстары өтті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы АҚШ ковбойларын 12:4, Қырғызстан түрік спортшыларын 15:1 есебімен ұтты. 10 қыркүйекте тоғызқұмалақтан өткен жарыстың қорытындысы бойынша жалпы 23,5 ұпаймен Қазақстан көш бастап тұр.