Қазақстанда атом электр стансасын салу еліміздің дамуына жаңа серпін береді. Әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз ететін негізгі қуат көзі болмақ. Бұл туралы өңірлік халық штабының мүшелері "Петропавл электротехникалық зауыты" кәсіпорнының ұжымымен кездесу барысында айтты.
6 қазанда өтетін референдум алдында түрлі ұжымдармен кездесулер өтіп жатыр. Мақсат - АЭС жайында, оның құрылысы, жоспар туралы тұрғындарды хабардар ету. Мәселен құрылысты Балқаш көлі маңында салу жоспарланған. Десе де оны шешетін - ел тұрғындары.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
- Энергетика саласын дамыту әрі тұрақтандыру үшін бізге АЭС керек. Себебі, қазіргі таңда энергетика жабдықтарының 70 пайызы тозды. Өкінішке қарай, біз көрші елдер Өзбекстан мен Қырғызстаннан электр энергиясын импорттап отырмыз. Бұл біздің стратегиялық қауіпсіздігімізге де қатысты мәселе. Болашақта энергияға деген тапшылық арта түседі. Себебі, халықтың саны мен өндіріс орындарының саны артып жатыр.
Еліміздегі АЭС-ның құрылысын жүргізуге әлемнің 4 елінің беделді компаниялары құлшыныс білдіріп отыр. Олар Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің мамандары.
АРМАН БЕРДАҒҰЛОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Мемлекет басшысы барлық маңызды мәселелер бойынша тұрғындармен кеңесу керектігін айтқан болатын. Біз ақпараттық кездесулер өткізіп, онда Қазақстанда атом электр станциясын салудың артықшылықтары туралы айтып жатырмыз.
Мұндай кездесулер қазан айының басына дейін күнделікті өткізілмек.
Ақжүніс Мұқатай