Тамыз айының басында Петропавл қалалық полиция басқармасына алаяқтардан сан-соғып қалған 2 адам жүгінген. Жәбірленушілерге ломбардтан төлемді кешіктіргені туралы sms-хабарлама келген, бірақ бір қызығы олар ломбардқа еш зат өткізбеген. Қала тұрғындарының айтуынша, шамамен бір ай бұрын оларға саябақта бейтаныс жас жігіт келіп телефондарын дерекқор арқылы тексеруді ұсынған, оның көмегімен гаджеттің түпнұсқалығын анықтауға болады деген. Сонымен қатар алаяқ жәбірленушілердің телефондары мен жеке куәліктерін суретке түсіріп, IMEI кодты жазып алған. Осыдан кейін қала тұрғындары өздерінің смартфондары онлайн қарыз беретін ломбардқа кепілге қойылғанын анықтаған. Алаяқ келтірген шығын көлемі 35 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні анықтады.


ӘЙГЕРІМ ӘШКЕН, ПЕТРОПАВЛ Қ. ПБ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

- Ол 18 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Ол Жұмабаев көшесінің бойында ұсталды. Аталған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Өзіміздің құпия деректерімізді ешкімге бермеуіңізді сұраймыз, бұл интернет тазалығы мен сандық қауіпсіздіктің негізі болып табылады.