1-қыркүйек еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. Биыл өңірде жаңа оқу жылында 75 мың оқушы білім алмақ. Оның 7 мың 351 мектеп табалдырығын алғаш аттаған. Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында биыл 1057 оқушы білім алады.
Петропавлдағы 19-шы шағын ауданда орналасқан Абай атындағы мамандандырылған қазақ меткеп-гимназиясына биыл 125 бүлдіршін 1-сыныпқа барды. Білім күніне орай мұнда да салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Оқушылар мен ата-аналарға биылғы оқу жылында сәттілік тілеймін. Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауына байланысты біртұтас тәрбие жұмысына өте маңызды назар аударатын боламыз. Ұлттық тәрбие, ұлттық құндылық бағытында биыл ерекше жұмыстар атқарылатын болады.
Аружан Бейсембаева 11 сынып оқушысы. Сыныптастарының алды, озат. Мектеп түлегі болашақта дәрігер болуды армандайды.
АРУЖАН БЕЙСЕМБАЕВА, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
- 2014 жылы осы мектептің табалдырығын аттап, бүгін 11-сыныпқа көшіп отырмын. Болашақта өзімді дәрігер ретінде көремін. ҰБТ-да биология мен химия пәндерін таңдап жатырмын. Осы орайда биылғы түлектер мен 1-сынып оқушыларын Білім күнімен құттықтаймын.
1-сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер тақпақ айтып, ән де шырқап берді. Кейін көптен күткен сәтке де кезек келді. Мектеп табалдырығын аттаған балғындар үшін алғашқы қоңырау соғылды. Биыл 1-сыныпқа барғандардың арасында Балым Медетқызы да бар.
БАЛЫМ МЕДЕТҚЫЗЫ, 1-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
- Менің атым Балым. Мен 1-сыныпқа сабақ оқу үшін келдім. Жаңа достар табамын.
Айта кетейік, биыл бұл мектеп бес 1-сыныпқа бүлдіршін қабылдаған.