Декларация тапсыру мерзімі аяқталуға жақын. 15 қыркүйекке дейін жеке мүлкі мен табысы туралы деректерді ұсынып үлгермегендер кейін жауапкершілікке тартылады. Міндетті декларацияны биыл құрылтайшылар, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсыруы тиіс.


Жалпыға бірдей декларацияның биыл үшінші кезеңі. Әуелі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырса, биыл олардың қатарына заңды тұлғалар - құрылтайшылар, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары қосылды. 2021-23 жылдар аралы5ында 95 мың адам қамтылды. Биыл Жалпыға бірдей декларацияны тағы 60 мың адам тапсыруы тиіс.


СҰҢҒАТ ҚОСПАЕВ, СҚО МКД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Жалпыға бірдей декларацияны тапсырудың соңғы күндері мемлекеттік кірістердің аумақтық органдарына ұзын-сонар кезек болмас үшін, барлық өңір тұрғындарынан декларацияны алдын ала тапсыруды сұраймыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ыңғайлы болу үшін Достық Мол сауда орталығында консультациялық орталық жұмыс істейді. Департамент мамандары декларацияны толтыру және жөнелту бойынша практикалық көмек көрсетеді.


Қазіргі таңда декларацияны тапсыру үшін тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша салық мекемесіне баруға болады немесе үйден шықпай-ақ egov.kz порталы немесе E-saluq azamat қосымшасына кіріп, сұрақтарға жауап бересіз. Бүкіл деректерді енгізген соң, соңында Электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл форманы әр адам бір-ақ рет толтырады. Ал келесі жылдары тек бір жыл ішінде тапқан табысын көрсетіп отырады.


Декларацияны қыркүйектің 15-іне дейін тапсыруға уақыт бар. Үлгермегендер ескерту алады. Оны елемесе 55 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Ал мүлкін жасырып, декларацияны қате толтырғандарға жаза қатаң.