Шал ақын ауданында жаңа әкім. Енді ауданды Қайрат Омаров басқарады. Ол бұған дейін М.Жұмабаев ауданының әкімі болды. 


Шал ақын ауданында жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі, СҚО әкімінің үкімімен Қайрат Омаров Шал ақын ауданының әкімі болып тағайындалды.45 жастағы Қайрат Омаров Көкшетау облысы Володар ауданы Прекрасный ауылының тумасы. Қайрат Омаров әр жылдары Новоишим ауылдық округі әкімі, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды. Осы уақытқа дейін М.Жұмабаев ауданының әкімі қызметін атқарды.

Жаңа әкімді аудан активіне СҚО әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев таныстырды.


Руслан Әлішев, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

- Облыс республика бойынша сут-тауарлы фермаларды салу бойынша алдыңғы қатарда. Президенттің тапсырмасымен аталған жоба қарқынды жүзеге асып жатыр. Қайрат Қайроллаұлы ауданда сүт өндірісін дамыту керек. Сондықтан жаңа форматтағы сут-тауарлы фермаларды салу қажет. Ауданда үлкен ауылшаруалары бар. Солармен жұмыс жасау қажет, мемлекеттен берілетін несие корпорацияларымен жұмыс жасау керек.Барлық мүмкіндіктер бар. Осы бағытта жұмысты жалғастырыңыз.


Ал бұрынғы әкім Рахат Смағұлов Мағжан Жұмабаев ауданына әкім болып тағайындалды. Ол Шал ақын ауданын 4 жыл басқарды.


Рахат Смағұлов, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

- Облыс басшылығына кезінде осындай лауазымды орынды маған сеніп тапсырғаны үшін алғысымды білдіремін. Қасиетті Шал ақын ауданынан бастап менің әкім ретіндегі еңбек жолым басталды. Аудан халқы үшін халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бар күш-жігерімді салдым. Жалғыздың үні шықпас демекші бірлесе жұмыс атқарған әріптестеріме сенім артып, қолдау көрсеткен кеңес берген ауданның ақсақалдарына алғыс айтамын.


Жиын барысында аудан ақсақалдары Рахат Сұмағұловтың жұмысына алғыс білдіріп, жаңа әкімге ауданды дамыту жолында атқаратын жұмысына сәттілік тіледі.


Самат Ғабдуллин, Шал ақын ауданының құрметті азаматы:

- Бізде мал шаруашылығы тұралап қалған, міне басталды. Жол құрылысы, үй салу мәселесі, су тарту, жарықтандыру, абаттандыру көп мәселелер бар сонын бәрін басы қасында осы кісі міне үлкен еңбек атқарды.


Жиынға аудан активі, депутаттар, күштік құрылым басшылары, ақсақалдар мен бөлім басшылары қатысты.