Петропавлда көне Еуропа стильіндегі қамал бар. Бір қызығы 71жастағы қария Анвар Файзуллин бұл бекіністі қауіптің алдын алу үшін және әсемдік үшін салған. Оны құрылыс қалдықтарынан тұрғызған. Сондай-ақ, сарайдың жан-жағына ағаштар егіп, жасыл желекке айналдырған. Бұл қамалды тамашалаймын деген жандарға қала тұрғынының есігі әрдайым ашық.


Бір қарасаң ертегідегі патшаның қамалы дерсің. Бірақ, бұл петропавлдық тұрғын Анвар Файзуллинің ауласы. Он саусағынан өнер тамған қария жардың жиегіне тастан сарай салған.


АНВАР ФАЙЗУЛЛИН, ШЕБЕР:

- Бұл ата-анамның үйі. Осында туып өстім. 2014 жылы ұлым үйіміздің қасынан жер сатып алды. Міне, ол жер осындай биік жар болды. Әрине, қауіпті. Сондықтан, бұлай тұрғаны маған ұнамады. Қауіптің алдын алу мақсатында, әрі әсемдік үшін осындай ғимараттар салдық. Жар құламауы үшін өсімдіктер де ектік.


Зейнеткер жардың шетін бекіту үшін 1 мыңнан астам тас қолданған. Ол 10 метр биіктіктікте орналасқан қамалға шығатын және арасында жүретін баспалдақ салған. Бұған үлкен күш керек екені айдан анық. Себебі, қамал салу былай тұрсын, оны аралаудың өзі жастар үшін де қиынға соқты.


АНВАР ФАЙЗУЛЛИН, ШЕБЕР:

- Мен бұл қамалды салу үшін қарапайым заттарды қолдандым. Олар тас, кірпіш және шифр. Жалпы, құрылыстан қалған заттардың барлығын кәдеге жараттым. Әрине, мен секілді қарт адамға бұндай биіктікке шығу қиын. Құлап кетіп, мерт болуым мүмкін еді. Бірақ, мен қорқып жата берсем, мұндай әсемдік ешқашан пайда болмас еді. Егер, менің үйімнің ауласы басқаша болса, басқа стильдегі ғимарат салатын шығармын. Кім білсін?!


Анвар Файзуллин әрбір бөлшекке ерекше мән беріп, қолдан жасаған. Тіпті, сарайлардың терезесі мен қақпасын темір сымнан жасап барлығын дәл келтірген. 71 жастағы қария бұл іске өзінің 10 жылын сарп етті.


ДИЛЯРА ФАЙЗУЛЛИНА, ШЕБЕРДІҢ НЕМЕРЕСІ:

- Менің жасым 9-да. Маған атамның қасында жүріп, оған көмектескен қатты ұнайды. Біз бірге түрлі өсімдіктер егеміз. Менің досмтарымның барлығы атам туралы біледі. Қатты қызығады. Мен атамдықатты жзақсы көремінжәне мақтан тұтамын.


ДАМИР ФАЙЗУЛЛИН, ШЕБЕРДІҢ НЕМЕРЕСІ:

- Мен өскенде атам секілді сәулетші болғым келеді. Қазір жасым 10-да. Атаммен қасында жүріп, көп нәрсе үйренемін. Осындай зәулім, керемет ғимараттар салу менің арманым.


Әрине, бұл бекініс көпшілікті таңқалдырмай қоймайды. Өтіп бара жатқан кез-келген адамның назарын өзіңе аудартады. Тіпті, шебер туралы ғаламтордан көріп, биік бекіністі өз көзімен көруге келетіндердің де қатары қалың. Сондай туристерге бізде тап болдық. Түсірілім барысында Анвар Файзуллин Астанадан арнайы келген қонақтар Владислав және Елена Кимге экскурсия жасады.


ВЛАДИСЛАВ КИМ, ТУРИСТ:

-  Бүгін Петропавлдағы небір әсемдікке куә болып жатырмыз. Анвар Файзуллин керемет кісі екен. Қалдықтарды тастамай, осындай ғажап дүние жасап отыр. Үйінің ауласының кез келген жері әсемдікке толы.


ЕЛЕНА КИМ, ТУРИСТ:

- Бұл ғажап көріністі көру барлық адам үшін қолжетімді. Ешқандай ақы сұрамайды. Үй иелері өздері қарсы алып, барлығымен таныстырды. Өте ризамыз. Осындай шебер, жайдары жандар көп болсын.


Анвар Файзуллин зәулім сарайдың жан жағына ағаш егіп, жасыл-желекпен көмкерген. Шырша, балқарағайды корей бағындағы ағаштарға ұқсатып, сәндеп кесіп қойған. Сондай-ақ, алма, қара өрік және шие секілді ағаштар да бар. Жаз мезгілінде келген қонақтар қамалды аралап қана қоймай, түрлі жемістен дәм тата алады.