Петропавлдағы Ойқала шағын ауданында су тасқынында зақымданған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Уәлиханов ауданынан келген 5 механикалық бригада осы шағын аудандағы 146 үйге жауапты.
Галина Капустина бұл үйде 35 жылдан бері тұрып келеді. Су астында қалған баспананы қалпына келтіру жұмыстарын техникалық бағалаушылар 6 млн астам теңгеге бағалаған екен. Қазір баспана 90 пайызға дайын.
ГАЛИНА КАПУСТИНА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Су терезенің жартысына дейін көтерілді. Техникалық бағалаушылар шығынды есептеп кетті. Ал, содан кейін құжаттар рәсімделіп, бригада жұмысын бастады. Өте жақсы жігіттер. Тіпті, кешке дейін қалып, жұмыс істейтін кездері де болады. Кеше жылыту жүйесімен айналысты.. Қазір түсқағаздарды жапсыру мен еден жабынын жабу ғана қалды.
Ойқала шағын ауданында 146 үйдің 115-і апатты деп танылған.
ДАНИЯР ТАҢАТҚАНОВ, «ДЕМОНТАЖСТРОЙGROUP» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
- Қазір біз бір үйдің құрылысын аяқтадық. Қалған 3 үйдің жөндеу жұмыстарын жақында бітіреміз. Қазір әр нысанда 5 адамнан жұмыс істеп жатыр. Бастысы баспана иелері риза.
Айта кетейік, су тасқыны салдарынан Ойқала шағын ауданында 1383 нысан зардап шеккен болатын.
Ерлан Жұмахан