Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында көпқабатты 2 тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталмақ. Пәтерлер халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдарға беріледі.


Аудан орталығы Сергеевка қаласында салынып жатқан 3 қабатты тұрғын үй 27 пәтерден тұрады. Құрылыс сәуір айында басталған. Қазіргі таңда жұмыстардың 70 пайызы аяқталған.


РҮСТЕМ МАРКАСАРИН, ШАЛ АҚЫН АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ, ҚҰРЫЛЫС, ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Құрылысқа жауапты мердігер – «Солтүстік Құрылыс» ЖШС. Жобаның жалпы соммасы 503 млн теңге. Бұл пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекте тұрған адамдарға беріледі.


Ал, 2 қабатты 24 пәтерден тұратын тұрғын үйдің құрылысы маусым айында басталды. Жоба құны- 350 млн теңге. Қазір құрылыстың 60 пайызы аяқталған. Жоспар бойынша екі нысан да жылдың соңына дейін тапсырылады.


СӘБИТ МАРИДИН, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:

- Бұл нысанда 15 адам жұмысістеп жатыр. Олар, бетон құюшылар, арматуршылар, дәнекерлеушілер және тағы да басқа. Қазір іргетасты құю жұмыстары аяқталды. Бірінші қабатты қабырғасын қалап жатырмыз. Енді, екінші қабатын тұрғызып, шатырын жабамыз.


Айта кетейік, ауданда тұрғын үйге кезекке 320-дан астам адам тұр. Олардың жартысы- халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындар.