Петропавлдағы Былғары зауыты кенті мен Карьерный шағын аудандарында тасқын салдарынан зақымданған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. Жөндеуді Шал ақын ауданынан келген механикалық бригада қолға алған. Еске сала кетсек, екі шағын аудан бойынша жалпы саны 142 жеке меншік үй су астында қалған еді.


Елена Волырына бұл үйге 2015-ші жылы қоныстанған. 8 адам тұратын екіқабатты тұрғын үйдің төменгі қабаты толығымен суға кеткен. Қазіргі таңда механикалық бригада өкілдері баспананың едендерін ауыстырып, қабырғаларын қалпына келтіріп жатыр.


ЕЛЕНА ВОЛЫРЫНА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Үйіме кірген судың деңгейі 2 метрге дейін жетті. Техника мен жиһаздың көп бөлігі бүлінді. Қазір жігіттер көмектесіп жатыр. 4-ші шілдеден бастап тоқтамай жұмыс істеуде. Жұмыстарына ризамын. Техникалық бағалау жүргізіліп, келтірілген шығын 8 жарым миллион теңгеге бағаланды. Жұмысшылар тамыз айының 1-іне дейін жөндеуді аяқтаймыз дейді.


Шал ақын ауданынан 5 механикалық бригада келген. Оның құрамында 35 адам мен 12 техника бар, Су басқан 142 үйдің 50-і жөндеуге жарамды болып танылған, соның 28-ін тұрғындар өздері қалпына келтірмек.


РАХАТ СМАҒҰЛОВ, ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бүгінгі таңда Шал ақын ауданы Кожевены мен Карьерный аудандарында жұмыс істеп жатыр. Біздің мехбригадада 40-тан астам адам бар. Қазіргі күні 142 жеке меншік үй суға кеткен болатын. 89 үй түгел күрделі жөндеуге жарамайды. Сол себептен қазіргі күні, қоқыс шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Айта кетейік, қазіргі таңда механикалық бригада 13 үйдің жөндеу жұмысын аяқтап, тасқын болған жерден 17 мың тоннаға жуық қоқыс шығарған.


Ерлан Жұмахан