22 шілде мен 8 тамыз аралығында полицейлер есепте тұрған тұлғаларды тексеріп, қаланың барлық аудандарын қамтуды жоспарлап отыр. СҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұловтың бастамасымен барлық 13 учаскелік полиция пункттерінің аумағында рейдтік іс-шаралар басталды. Мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, мас күйде жасалатын қылмыстарды болдырмау, бұдан бөлек, бұрын сотталған адамдар да сақшылардың бақылауында болады.


- ЕGov mobile знаете, да?

- Не знаю. Я в этом не понимаю…

- Я Вам сейчас покажу. У Вас же у всех есть смартфоны?

- Есть.

- Вы же все звоните в WhatsApp и так далее…


Аталмыш жұмыстарға облыстық және қалалық полиция қызметкерлері: учаскелік инспекторлар, ювеналдық полицейлер, жедел уәкілдер, криминалистер және басқалары қатысып жатыр. Полицияның ерікті көмекшілері де жұмылдырылған. Барлығы 100-ге жуық полиция мен еріктілер тартылды. Полицейлердің жұмысы қала орталығына қызмет көрсететін № 1 учаскелік полиция пунктінің аумағында басталды. Құрманғали Ысмағұлов жеке құрамға құқық бұзушылықтардың алдын алуды, заңнаманы түсіндіруді, алаяқтық фактілерінің алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Ол талдау нәтижесі бойынша қылмыстардың басым бөлігі яғни 80 пайызы облыс орталығында жасалатындығын атап өтті. Рейдке қатысқандарға тұрғындарға eGov.mobile қосымшасындағы «банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін қосу алгоритмін жіті түсіндіру, полиция пунктінің байланыс телефондары көрсетілген визиткаларды және интернет-алаяқтыққа қарсы жадынамаларды тарату тапсырылды.


Әлібек Ғабдуллин, Петропавл қаласы ПБ бастығының м.а. :

- 50 бағыт әзірленді. Әрбір бағыт бойынша есепке алынған адамдардың, аңшылардың, жалға берілетін тұрғын үйлердің тізімі бар. Сондай-ақ, рейдтегі полицейлер 23 сағаттан кейін ата-аналарының еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған. Бұл жұмыс күндізгі уақытта да, түнгі уақытта да жүргізілетін болады. Осы аптада біз қаланың орталық бөлігін пысықтаймыз. Бірінші полиция бөлімінің аумағына көшіп, келесі аптада екінші полиция бөлімінің аумағында жұмыс істейтін боламыз.


Рейд барысында есепте тұрған 105 тұлға тұрғылықты жері бойынша тексерілді; оның 15-і маскүнемдікке шалдыққандар, 10-ы бұрын сотталғандар және 3-і қолайсыз отбасылар. 50-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішіндегі ең көбі — абаттандыру қағидаларын бұзу және тіркеусіз немесе құжаттарсыз тұру ережелерін бұзу. Горький көшесіндегі тиісті тіркеуі жоқ дүкенде алкоголь өнімін заңсыз сақтау фактісі анықталды. 99 литр алкоголь өнімі тәркіленді. Әкімшілік материал жиналды. Полицияның профилактикалық рейдтік іс-шаралары жалғасуда.