Облыстың полиция департаменті өңір тұрғындарына тіркелмеген атыс қаруын ішкі істер органдарына ерікті түрде тапсыру мүмкін екенін еске салады.


Жыл басынан СҚО аумағында тіркелмеген атыс қаруын қолданумен бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Алайда, полицейлер қандай да бір себептермен тіркелмеген қаруы бар азаматтарға оны өз еркімен жақын маңдағы полиция бөлімшесіне тапсыруға кеңес береді. Сақшылардың көздегені — отбасы мүшелерінің, әсіресе кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының қызметтік және азаматтық қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусиннің ақпараты бойынша, жыл басынан облыс аумағында заңсыз айналымнан тіркелмеген 60-тан астам қару тәркіленген; барлық факті бойынша процестік шешімдер қабылданды. Тіркелмеген қаруды заңсыз сақтаған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Құрман Мусин, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы қызметтік және азаматтық қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Облыс аумағында 66 тіркелмеген қару тәркіленді. Барлық материалдар бойынша процестік шешімдер қабылданды. Кінәлі азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. СҚО тұрғындарын тіркелмеген қаруларын ерікті түрде тапсыруға шақырамыз. Заңға сәйкес, полицияға қаруды ерікті түрде тапсырған адамдар белгілі бір тексерулер жүргізілгеннен кейін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.