Биыл КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, жерлесіміз Зейнел-Ғаби Иманбаевтың дүниеге келгеніне – 100 жыл. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Ортақкөл әңгімелері» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, сондай-ақ қаламгердің балалары мен туыстары қатысты.


Жастық шағында айықпас дертке шалдыққан жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылықтан еш қол үзбеген. Ауыр дертке шалдықсада қолынан қаламын тастамай 17 кітапты жарыққа шығарады. Жазушы көбіне ауыл өмірі және қарапайым еңбек адамдары жайлы қалам тербеген. Әңгімелері мектеп оқулықтарына да енген.


АЛТЫН ИМАНБАЕВА, З. ИМАНБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ:

- Қиындықтың бәрін жеңіп бір 10 шақты жыл белін баса алмай қалған кезі болды. Сол кезде анамыз әкемізге қолдау білдіріп, алғашқы жазған кітаптарын оқып ең бірінші сыншысы болды десек болады. Ең алғашқы кітабын жазған кезде бір қалың кітап жазып, өзіне ұнамай пешке жағып жіберген екен. Сол кезде анамыз мынау не деген сұмдық 10 жыл жазған дүниені 1 секундта жағып жібергенде ішім күйді деп айтып отыратын.


Қаламгер өз заманында қилы кезеңдердің куәгері болды. Шығармаларына тылдағы ауыртпалықты да қосып жазған. Туған жерінің тамаша табиғаты мен ауыл адамдарының тыныс-тіршілігінде ұмытпай әңгімелерінде шынайы суреттеген.


ҚОЙШЫБАЙ ШӘНИЕВ, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН:

- Зейнел-Ғаби Иманбаев жас кезінен көп қиындықты көрді. Оның жастық шағына 32 жылғы аштық, 37 жылғы репрессия, 41-45 жылғы соғыс солар дәл келіп оқи алмай қалды. Бірақ сондада қолынан қаламын тастамай, халыққа қызмет етіп 17 кітабын шығарды. Зейнел-Ғаби Иманбаевты онша қастерлей алмай отырмыз әлі кішкене. Кемістік осы жерлерімізде бар. Ол кісінің оқымасада-тоқымасада өмірден үйренген, өмірден оқыған, көрген ол кісінің әрбір шығармасы шынайылығыменен сол оқырман қауымға жақын».


Бүгінде Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қыздары да әке жолын қуып, оқырман қауымға өз шығармаларын ұсынып жүр.


МАРАЛ ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ, З. ИМАНБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ:

- Жақсының аты өшпейді. Ақынның хаты өшпейді. Мінекей әкеміз біздің өмір бойы бар ғұмырын шығармашылыққа сарп етті. Әкемнің ең бір ерлігі Сонау Алматыдан алыс Ортақкөл ауылында отырып жыл сайын бір кітапша шығарғанының өзі үлкен ерлік. Өйткені ол кезде қазіргідей интернет жоқ барлығын қолдан жазады. Сол қолмен жазған жазбаларын сонау Алматыға почтамен жіберіп, кітап болып шыққанда біз қатты қуанатын едік.


Іс-шара соңында қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы әзірленген «Қарымы кең қаламгер» атты көрмені тамашалады.


Дариға Қуаныш