Айдабол Жарылғапұлы Көшебе руынан шыққан батыр. Ол 16-17 жасынан қолына қару алып елін жаудан қорғаған азамат. Бір ғасыр жасаған батыр қазіргі Қорған, Түмен және біздің өңірді мекендеген. Бүгінде батырдың ұрпақтары оның жерленген жерін тауып, зиратының басына белгі қойды.


Айдабол батыр 1722 жылы туған. Тарихта Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама деген атпен белгілі қасірет келген кезде ол небәрі 1 жаста еді. Сол себепті балалық және жасөспірім шағы туған жерінен жырақта өтті. Мәліметтерге сүйенсек Айдабол батыр 16-17 жасында жігіт қатарына қосылып қару ұстап , әртүрлі қақтығыстарға қатысып өз жерін Жоңғарлардан азат етуге ат салысқан. Бүгін батырдың ұрпақтары бірлесіп Айдабол Жарылғапұлы жерленген жерде оның басына тас қойды.


АХМЕТЖАН ҚУАНТАЕВ, «АСЫЛ МҰРА» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біздің бабамыз Айдабол Жарылғапұлы деген батыр болған. Ол 1722 жылы туылып 1823 жылы қайтыс болған. 101 жасаған. Сол батырдың құрметіне мұнда ескерткіш орнатып жатырмыз. Мақсат батырдың атын ұрпақтардың есінде сақтау, оны ұмытпау. Көріп тұрғандарыңыздай бұл жерде жинаолғандардың барлығы батырдың ұрпақтары.


Айдабол батырдың жатқан жерін ұрпақтары біраз жыл іздестірген. Нәтижесінде оның зираты Петровка елді мекенінің жанындағы Бертіс қорымында екені анықталды.


АРЫСТАН ІЛКЕНОВ, АЙДАБОЛ БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫ:

- Ең бірінші бастаған бұны Ахметжан ағамыз. Ол кісі жазушы, журналист сол атамыздың басын көтереміз деп осы Бертіс қорымынан жатқан жерін тауып үлкен кісілерден сұрастырып осында екенін анықтадық. Сол себепті көшебе руының азаматтарын жинап басын көтереміз деп шештік. 


Айдабол батыр зиратының басына ескерткіш тас қою үшін оның барлық алыс-жақын ұрпақтары қор ашып, ақша жинаған. Нәтижесінде 2 млн теңгеге Айдабол Жарылғапұлының жатқан жеріне белгі қойылды.