Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тәжірибелі полиция қызметкерлері екі күн бойы тікелей эфирде азаматтарды қабылдап, олардың сұрақтарына жауап береді. 19 шілдеден басталған «Жолда қабылдау» акциясында тұрғындар көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, айыппұлдарға қатысты сұрақтар қойды.


Жолда қабылдау акциясының басты мақсаты – өңір тұрғындарын толғандырған заң мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап беру. Іс-шара барысында азаматтардың бірі әкімшілік полиция бастығынан тікелей кеңес алды. Ер адамға құжаттарға түзетулер енгізу қажет екен. Полицейлер солтүстікқазақстандыққа жедел қызмет көрсетіп, оған өтініш үлгісін беріп, әрі қарай әрекет ету алгоритмін түсіндірді. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан «Жолдағы қабылдау» пунктіне жарты күннің ішінде тікелей және онлайн байланыс арқылы 30-дан астам адам жүгінді.


СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Шамамен 30-40 сұрақ келіп түсті. Негізінен жүргізуші куәлігін алу және оның талаптарына қатысты. Сондай-ақ, көлікті рәсімдеу, алып-сату туралы келісімшарт және тіркеу туралы сұрақтар келіп түседі. Біз оларға нотариусқа бармай-ақ, 2 деңгейлі банк қосымшасы арқылы алып-сату келісімшартын жасауға болатынын түсіндірдік.


Әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшылары мен қызметкерлері желі арқылы аудиториямен байланыс орнатуға белсене қатысты.


Арман Жамуков, "АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ" МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ" КЕАҚ СҚО ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бізге келіп түскен барлық өтініштерге толықтай жауап берілді. Ал сұрақ қойып үлгермегендер болса 32-00-19, 32-00-22 байланыс орталығына қоңырау шала алады. Сонымен қатар 16 сағатқа жоспарланған тікелей эфирге қосылып өз сұрақтарыңызды қоя аласыздар».


"Жолдағы қабылдау" акциясының келесі кезеңі 16 және 17 тамызға жоспарланған.