Петропавлдағы Ойқала шағын ауданында табиғи апат салдарынан зардап шеккен үйлерді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Айыртау ауданынан келген 5 механикалық бригада осы аумақтағы 111 үйге жауапты. Оның 83-і тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінде 41 нысанды сүру жұмыстары басталып кетті.


Ойқала шағын ауданының тұрғыны Мария Шатныхтың бұл үйде тұрғанына 30-жылдан асқан. Баспана тасқын кезінде су астында қалып, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Іске Айыртау ауданының механикалық бригадасынан 7 адам кіріскен. Бүгінде мұндағы еден толық ауыстырылып, жаңа терезелер орнатылды. Енді үйдің жоғары бөлігін қалпына келтірмек.


МАРИЯ ШАТНЫХ, ОЙҚАЛА ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Тасқыннан кейін үйді көргенде қатты таң қалдық. Жағдай өте нашар болатын. Бөлменің терезесіне дейін су тұрды. Қазір механикалық бригада жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Балаларға алғысым шексіз! бірнеше аптаның ішінде жағдайды реттеді.


Айыртау ауданының механикалық бригадасы Ойқала шағын ауданындағы жұмысқа 2 мамыр күні кіріскен. Белгіленген аумақтағы 100-ден астам үйдің 28-і қайта қалпына келтіруге жарамды. 25 баспананы тұрғындар өздері жөндемек.


ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, АЙЫРТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бүгінгі күні 41 үйді сносқа шығардық. Жалпы 7 мың тонна қоқыс шығарылды. Үйді өздері істеп жатыр үй иелерінің өздері. 3 үйді біздің механикалық бригада істеп жатыр. Ремонтты 1 тамызға дейін бітіруге тырысамыз.


Айта кеткен жөн, Айыртау ауданының механикалық бригадасы құрамында 40-тан астам адам бар. 20-ға жуық техника тартылған.