7-ші шілде күні лига кубогы аясында өтіп жатқан футбол бәсекесінде өңірлік Қызылжар футбол клубы алматылық «Қайрат» командасымен кездесті. Али Алиев бастаған топ өз жерінде қонақтармен тең тарқасты. Ойынның есебі 1:1.
Алғашқы таймнан-ақ қос команда өткір шабуылдармен көзге түсті. Алайда, матчтың 17-ші минутында алматылық команда есеп ашып, басымдыққа ие болды. Жоау Паулудың тепкен добы бағанадан кері серпіліп, Еркебұлан Сейдахметтің аяғына келді. Ойыншының алғашқы соққысын Александер Довгал қайтарғанымен, екінші соққыны қайтаруға қауқары жетпеді.
АЛИ АЛИЕВ, «ҚЫЗЫЛЖАР» ФК БАС БАПКЕРІ:
- Ойынның алғашқы 15-20 минутында біз қарсыластың тактикасын түсінуге тырыстық. Алғаш алаңға шыққан футболшылардың ойын түсіну қиынырақ болды. Сондай ақ, Қайраттың қосалқы құрамы да өте мықты. Гол жіберген сәтте оң қапталдың осалдығы байқалды. Біз бұл сәтке назар салып, қателікпен жұмыс жасайтын боламыз.
Гол жіберіп алған соң петропавлдық команда ойынды өз қолына алды. Кезек-кезек қарсыластың айып алаңына жақындап, шабуылдар ұйымдастыра білді. Ақыры өз дегеніне жеткен қызылжарлықтар ойынның 36-шы минуытында есепті теңестірді. Жартылай қорғаушы Ардақ Саулет айып алаңына пас асырған болатын. «Қайрат» қақпашысы Вадим Ульяновтың қателігін пайдаланып кеткен грузиялық легионер Лука Имнадзе есепті бір де бірге жеткізді.
АЛИ АЛИЕВ, «ҚЫЗЫЛЖАР» ФК БАС БАПКЕРІ:
- Екінші таймда Қайрат командасы қорғаушылармен көбірек ойнауға тырысты. Меніңше өз ойындарын таба алмаған секілді. Тең нәтижеге қанағат қылды. Ал бізге жеңіс керек болатын, алайда гол соғуға болатын сәттерді футболшыларымыз жіберіп алды.
Ойынның екінші жартысында да қос команданың қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алайда есеп өзгеріссіз қала берді. Ойын аяқталар тұста алматылық ұжымның ойыншысы Георгий Зарияның шиіріп тепкен добын «Қызылжар» қақпашысы шеберлікпен қайтара білді. Қос команда бір, бір ұпайдан еншілеп, тең тарқасты. Лига кубогінің келесі турында қызылжарлық ұжым оралдық «Ақжайық» футбол командасымен кездеседі.