Елімізде соңғы екі жыл ішінде психикалық денсаулығы сыр бергендердің қатары артқан. Соның ішінде психиатриялық ауруға шалдыққандар саны өсіп, наркологиялық науқастар саны азайып отыр. Осыған байланысты Петропавлдағы психикалық денсаулық орталығында «Психикалық денсаулық қызметін жетілдіру» бойынша конференция өтті. Оған ҚР психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығының президенті Сағат Алтынбеков қатысты.


Жиында түрлі санаттағы дәрігерлер тәжірибе алмасты. Іс-шара барысында аталған саладағы маман тапшылығы мәселесі де сөз болды. Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында кадр тапшылығы мәселесі бар көрінеді. Ал жақсы көрсеткіштер Шығыс Қазақстан, Атырау және Абай облыстарынан байқалған. Дегенмен соңғы 5 жыл ішінде жағдай едәуір жақсарған. Ауылдарда болмаса, ірі қалаларда кадр тапшылығы мәселесі жоқ - дейді медицина саласының мамандары


САҒАТ АЛТЫНБЕКОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

- Соңғы 5-7 жыл ішінде синтетикалық есірткіге тәуелділер саны 5 есе артқан. Бұл деген сұмдық көрсеткіш. Тек біздің еліміздің ғана емес, әлемге ортақ мәселе болып отыр. Нәтижесінде психикалық аурулар белең алып келеді. Адамдар мұндай дертке түрлі себеппен шалдығуы мүмкін. Бірақ оның алдын алуға және салдарымен күресуге әбден болады. Науқас медициналық көмекке уақытылы жүгінуі тиіс. Ауру саны көп тіркелген елді мекендердегі көрсеткішке қарап, басқа өңірлерде сырқаттанғандар жоқ деп ойлау да қате пікір. Себебі тұрғындардың басым бөлігінің ауруы анықталмай да жатады.