Петропавлдағы «Бірлік» шағын ауданында тасқын судан зардап шеккен 51 отбасыға жаңа баспаналарының кілті табысталды. Бұл үйлерді Қазақстандық «Қазақмыс корпорациясы» қаржыландырған. Қазіргі уақытта жалпы табиғи апаттан зардап шеккен 150-ден астам отбасы жаңа ықшам ауданнан үйлі болды. Қоныстой иелерімен Ж.Қайыпова тілдесті.


Өңірде тасқын су салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта, баспаналары тұруға жарамсыз болып қалған тұрғындардың 605-іне пәтер сатып алынған. Бірлік шағын ауданында да қалған үйлердің құрылысы күн суытқанға дейін тапсырылатын болады.Бүгін жаңа баспанаға ие болғандардың бірі- Александр Михайленко. Қала тұрғыны 35 жылға жуық уақыт «Ойқала» ықшам ауданында тұрған екен. Алайда, табиғи апат салдарынан баспанасы жарамсыз болып қалыпты. Өмір бойы жеке үйде тұрып келе жатқандықтан «Бірлік» шағын ауданын таңдадым дейді ол.


АЛЕКСАНДР МИХАЙЛЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Осындай қиын жағдайда бізді жалғыз қалдырмаған мемлекетке үлкен рахмет. Ойқала ықшам ауданындағы үйімізді өткен жылы ғана салып едік. Бірақ, өкінішке орай апатты деп танылды. Жаңа үйіміз өте ұнайды. Суда үйдің ішіне кіргізілген. Аумағыда кең.


Жаңа баспана иелерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев құттықтады.


НҰРАХМЕТ НҮРИЕВ, «ҚАЗАҚМЫС КОРПОРАЦИЯСЫ» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Жаңа баспаналырыңыз отбасыларыңыз үшін құтты, берекелі болсын. Шынымен де бұл табиғи апат көп адамды баспанасыз қалдырды. Алайда, мұндай қиын жағдайды да еліміз еңсеріп шықты. Бұл бірлігіміздің, татулығымыздың арқасы деп білемін. Қоныстойларыңыз құтты болсын.


Аймақ басшысы, қалған 600ден астам үйдің де кілті бірінші қазанға дейін тапсырылатынын айтып, барлық баспанаға екі жылға дейін кепілдік берілетінін тілге тиек етті.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бұл баспаналар аз уақыт ішінде салынды. Құрылысшылардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Егер үйлердің кем-кетіктері болса екі жыл бойы жауапты компаниялар түзетіп беретін болады. Кепілдік мерзімі біткенше бұл үйлер біздің басты назарымызда болады. Еш уайымсыз, жаңа қоныстарыңызға жайғаса беріңіздер. Ешқандай тұрғын біздің назарымыздан тыс қалмайды. Тасқынның зардабын толықтай жою мемлекет басшысының да бақылауында.


Бұл күні жаңа баспананың кілті Бауржан Әміровке де табысталды.Ол 5 жыл бойы отбасымен бірге Заречный кентінде тұрған. Үйі апатты деп танылғандықтан жаңа ықшам ауданнан салынып жатқан жер үйлерді таңдапты.


Бүгіндері «Бірлік» ықшам ауданнан 150-ден астам отбасы үй алды.Алғашқы 100 баспананы «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырса, бүгін «Қазақмыс корпоорациясы» қаржыландырған 51 үйдің кілті табысталды.


- Жаңа үй өзімізге ұнайды. Алдағы бір аптада көшіп келеміз. Жаңа жиһаз да берді. Өте қуаныштымыз. Тез арада үй салып берген әкімдікке үлкен рахмет


- Қуанышымызда шек жоқ. Осындай жаста баспанасыз қаламыз ба деп едік. Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар бірнеше жылға қартайып кетіп еді. Ал бүгін жаңа үйімізді көріп қайта жасарып, қуанып жатырмыз.


Айта кетейік, қазіргі уақытта «Бірлік» шағын ауданында жаңа балабақшаның да құрылысы жүріп жатыр. Мектепке дейінгі мекеме қыркүейк айында қолданысқа берілетін болады.