ҚР ҰҰ Академиясы биыл 24-ші рет түлектерін шығарды. Жоғары оқу орнын тәмәмдаған жас офицерлерді Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Ішкі істер министрінің орынбасары -Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, түлектерге диплом мен офицер шенін табыс етті.


ҚР ҰҰ Академиясын биыл 190 түлек бітірді. Олардың 10-ы оқуды үздік аяқтады. Қазақстандық түлектермен бірге білім алған Тәжікстан Республикасының 7 өкілі де диплом алды.


ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

- Жас түлектер оқуды аяқтап офицер шендерін алды. Ұлттық ұлан елімізде қоғамдық тәртіппен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл қызметті көптеген офицерлер мен сержанттар абыроймен атқаруда. Оларға еліміздің тыныштығын сақтау міндеті жүктелген. Сіздер күрделі әскери қызметті адал және жауапкершілікпен орындайды деп сенеміз. Парасатты кәсіптрі таңдауына көмектескен, балалардың еліміздің лайықты азаматтары ретінде тәрбиелеген ата-аналарға мыңда бір алғыс. Құрметті түлектер сіздерді алғашқы офицер шендеріңізбен құттықтаймын. Алдағы жауынгерлік қызметте табыстар мен абырой тілеймін».


Оқу орнын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алған жас офицерлерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Биыл облыс үшін күрделі кезең болды. Академия офицерлері мен курсанттары су тасқыны кезінде батылдық танытты. Табиғи апаттың алғашқы күнімен, әскери азаматтар су тасқынымен күресуге және оның зардаптарын жоюға белсене қатысты. Сарбаздар үйлерді қалпына келтіруге және зардап шеккендердің үйлеріне тез оралуға өз үлестерін қосты. Осының арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды. Солтүстікқазақстандықтардың атынан сіздерге алғысымды білдіремін. Ер азаматтар осындай кезде шыңдалады. Сіздер нағыз ерлік танытып абыройлы еңбек еттіңіздер. Елім дейтін азаматтар көп болсын.


4 жыл бойы осы сәтті күткен курсанттар қолдарына дипломдарын алды. Оқуды үздік бітірген 4 түлек осыған дейін Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің қолынан мерзімінен бұрын лейтенант шенін алған. Алаңға жиналған жас офицерлер дипломдарын алғаннан кейін ән шырқап салтанатты маршпен жүріп өтті.


Ресми бөлім аяқталғаннан кейін түлектер ақ көйлек киген бойжеткендермен вальс биледі. Курсанттардың бірі сүйген қызына сөз салып, қуанышты еселей түсті.


Бағдаулет Исабек бала кезінен әскери қызметші болуды армандаған. Ол осы ҰҰ академиясына Түркістан облысынан келген. Бүгінде оқу орнын жақсы аяқтаған жас офицер академия басшылығына өз алғысын білдірді.


БАҚДӘУЛЕТ ИСАБЕК, ҚР ҰҰ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ:

- 11 сыныпты аяқтағаннан кейін Түркістан облысынан осы Петропавл қаласына әскери өмірді таңдап оқуға түстім. Бүгін бізде айтулы күн мереке болып жатқандықтан қос бірдей қуаныш бізде. Біріншіден әскери шенімізді алдық екіншіден диплом алдық. Сол себепті бізде ешқандай өкініш жоқ. Академия басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бар мақсатымыз ата-анамыздың қуанышы, солардың үміті ақталды. Біз соған қуаныштымыз. 4 жылдық оқу көзді ашып жұмғанша өтті. Көп достар таптық бір-бірімізге бауыр бастық. Ешқандай өкініш жоқ.


4 жыл бойы балаларына қолдау білдіріп келген ата-аналарда бүгінгі қуанышты сәтке арнайы келді. Олар жоғары оқу орнын аяқтаған ұлдары алдағы уақытта да өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, отанына адал болады деген сенімде.


ЭЛЬМИРА АҚЫЛБЕКОВА, САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен Оңтүстік Қазақстаннан келіп тұрмын. Сарыағаш қаласынан. Ұлым Өмірбек Рауан осы жерде 4 жыл алдын оқуға түскен болатын. Өзінің таңдауы болған. Басында қиналды. Өте қатты қолдау бердік ата-ана ретінде. Қуаныштымын қазір 4 жыл оқуын адал оқып шықты. Ары қарай өз міндетін адал атқарады деп сенемін. Ұлыма сәттілік тілеймін».


Айта кетейік, Академия құрылғаннан бері 24-ші түлектерін шығарды. Жоғары оқу орнын бітірген 4 мыңнан астам офицер еліміздің күш құрылымдарында еңбек етіп жатыр.