Құрбан айт - Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі. Биыл, 16 маусымда басталған мереке, 3 күнге созылмақ. Облыс тұрғындары да құрбанға мал шалып, дұға етіп, мұқтаж жандарға қайырым қылды. Бұл күндері қандай амалдар атқару керек ? 


Рамазан айынан соң араға 70 күн салып Құрбан айт меркесі келіп жетті. Бұл күндері жасалатын ең ізгі амалдардың бірі - құрбандық шалу. Ал, әл-ауқаты төмен жандарға құрбандық шалу міндет болып саналмайды. Тек шынайы ниетпен дұға жасауы қажет, дейді СҚО Бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.


ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫ:

- Бұл енді құрбандық деген сөздің мағынасы жақындау деген сөз. Сол үшін Аллаға біз құрбандық арқылы, басқа бір мұсылманның жүзіне қуаныш сыйлау арқылы жақындаймыз. Бұл үлкендердің ғана мерекесі емес, балалардың да мерекесі. Сол себепті, әрбір ата-ана өзінің немересіне, балаларына сый жасайтын болса негізгі Құрбан айттың көрінісі болар еді. Жағдайы келетін адам құрбандық шалады. Кез келген адам құрбандық шалмайды. Бірақ,Сауап үшін мен шаламын десе оған ешкім тосқауыл бола алмайды.


Айт намазынан соң құрбан шалушылар жылдағыдай Жұмысшы кентіне асықты. Мұнда мал сататын және соятын арнайы орын құрылған. Тұрғындар қалауына қарай малдарын таңдап алып, құрбандық шалып жатты. Қой бағасы 50 мыңнан басталып 80 мыңға дейін жетті.


ТОҚЖІГІТ СӘБИТОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Құрбан айт қайырлы құтты болсын. Мынау бәріміз осы қазақтың ұлы мейрамын тойлауға жазсын. Біз осы базарға қой алуға келдік, құрбандық шалуға. Мұнда қой көп, таңдап алуға болады екен


 Биылғы мерекеге орай 500-ге жуық мұқтаж отбасыға көмек көрсетілмек. Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен жандар да бар. Сондай-ақ, Құрбан шалуды онлайн түрде өткізуге де мүмкіншілік туды. Ол үшін ҚҰРБАН2024.КЗ сайты арқылы кіріп, тапсырыс беруге болады.


ЕРЛАН ЖҰМАХАН