Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылында су тасқыны кезінде 300 ден астам үй зақымданды. Олардың басым бөлігі қалпына келтіруге жарамсыз. Жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр? 


Тасқын су кезінде Инна Можейконың үйіне зақым келді. Бұл баспанада ауыл тұрғыны жолдасы және екі баласымен бірге тұрған. Айтуынша, үй қайта қалпына келтіруге жарамды, сол себепті мемлекет берген өтемақыға өздері жөндеп жатыр.


ИННА МОЖЕЙКО, БОЛЬШАЯ МАЛЫШКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Тасқын су 15 сәуір күні түнде келе бастады. Біз дереу эвакуциаландық. Су деңгейі 40 см дейін көтерілді. Мемлекет бізге 2 млн теңге жәрдемақы берді. Қазір енді жөндеу жұмыстарын бастап кеттік.


Сухановтар отбасының үйі де су астында қалды. Олар да баспанасының қайта қалпына келтірілетініне қуанышты.


АНАСТАСИЯ СУХАНОВА, БОЛЬШАЯ МАЛЫШКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Су біздің үйге кенеттен келді. Біз оған дайын болмай қалдық. Комиссия мүшелері баспанамызды қайта қалыпқа келтіруге жарамды екенін айтты. Қазір ішінара жөндей бастадық, өйткені уақыт өтіп жатыр. Өтемақы алдық.


Бұл елді мекенде табиғи апаттан 321 үйге зақым келді.