Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы «Құлагер» ипподромында жазғы ат жарысы маусымы ашылды. Тартысты додаға сәйгүліктерін баптап келген Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысы сондай-ақ Астана қаласының 50-ге жуық шабандозы қатысты.


Ат жарысы маусымының ашылу салтанатына жиналған халықтың қарасы қалың. Себебі, жылқы баптап, бәйгеге қосатын азаматтар аз емес, ал желмен жарысқан жүйріктердің жарысын көремін деушілер одан да көп.Жазғы ат спорты маусымының ашылуымен жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.


ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Құрметті спорт мерекесіне қатысушылар және қонақтар. Бүгін Қызылжар ауданында ат спорты жарыстары басталды. Елімізде және облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылған. Өңірде 800-ден астам жасөспірім қазақ күресімен айналысады. Сонымен қатар солтүстікқазақстандық жастар арасында көкпар, ат жарыс, күрес пен белдесу, арғымақ сынды спорт түрлеріне сұраныс артқан. Ат спортына қызығушылардың да саны күн санап өсіп келеді. Бүгінгі сайысымыз әділ әрі өте қызықты болады деп үміттенемін.


Шабандоздар үшін алты түрлі сайыс ұйымдастырылған. Спортшылар жорға жарысында 7000 метрге шапса, үлкен желісті аттар мен Орловтың төрт жасар желісті жылқылары 1600 метрге, құнан бәйгеде 5000, ал аламан бәйге жарысына қатысқандар 13 мың метрге шапты.


СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Өңірімізде ат жарысынан түрлі деңгейдегі сайыстар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Осы бәйгеде үздік деп танылғандар республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды. Облыста ұлттық спорт, атап өтсек ат спортына жақсы көңіл бөлініп жатыр. Және спортшыларымыздың да нәтижелері жаман емес. Бүгін жеңімпаздарға арнайы медаль, грамота мен ақшалай сыйлық табысталады.


Алдымен ипподромға жиналған қауым жорға жарысын тамашалады. Ережеге сәйкес, шабандоздар тұлпарларын жорғалатып отыруы қажет. Жорға жарысына қатысушылардың бірі Аққайың ауданынан келген - Евгений Чибисов. Ол ат спортымен 25 жылдан бері айналысады. Көптеген республикалық сайыстардың жеңімпазы.Бүгінгі сайыста да бірінші орынды қанжығасына байлады. Шабандозға арнайы кубок пен 255 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Айта кету керек, Евгенийдің ағасы мен інісіде осы ұлттық спорт түрімен айналысады.


ЕВГЕНИЙ ЧИБИСОВ, ШАБАНДОЗ:

- Жүйрігімнің аты - Аквамарин. Ресейден екі ай бұрын ғана алып келдік. Дайындалып, бүгін міне, бірінші рет сайысқа қатыстырдық және бірден жеңіске жеттік.


Айта кетейік, өңірде ат жарысы маусымы қазан айына дейін жалғасады.