Астана қаласында Ашихара-каратэден республикалық ашық турнир өтті. Сайыста Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан келген балалар бақ сынады. Турнирге өңірден 32 спортшы қатысып, биіктен көрінді.


Турнирдің облыстық кезеңінен сүрінбей өткен қатысушылар жарыстың Республикалық кезеңіне жолдама алған. Каратэден өткен тартысты додада жерлестеріміз жүлделі орындарға ие болды. Солардың бірі 9 жастағы Аңсар Қапашев өз салмағында 3 орын алған. Бұл оның спорт жолындағы ең алғашқы турнирі.


АҢСАР ҚАПАШЕВ, ТУРНИР ЖҮЛДЕГЕРІ:

- Астана қаласында өткен жарыста 3 орын алдым. Маған бұл жарыста жеңу қиын болды.Менің каратэмен айналысып жүргеніме 2 айдан асты. Келесі жарыстарда бірінші орын алуға тырысамын.


Облыста ашихара-каратэ федерациясы 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда орталықтың 150-ге жуық тәрбиеленушісі бар.


ТОЙЖАН СЫЗДЫҚОВ, СҚО АШИХАРА-КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- СҚО ашихара-каратэ федерациясының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Бірақ, сол аз уақыт ішінде біршама жетістіктерге жеттік. Сондай-ақ, біздің орталықтан республика чемпиондары да шыққан. Басты мақсатымыз спортшылардың физикалық тұрғыдан дамуын қамтамасыз ету. Рухын көтеріп, моральды түрде дамыту.


Каратэнің 3 түрінен өткен турнирге республикадан 400-ге жуық бала қатысқан. Ал, облыс спортшылары 7-алтын,8-күміс,10-қола медальді қанжығасына байлады.


Ерлан Жұмахан