Тасқыннан зардап шегіп, үйлері апатты деп танылған тұрғындарға елімізде алғашқы жаңа баспаналардың кілті табысталды. Жаңа Бірлік шағын ауданында алғашқы 53 үй салтанатты түрде қолданысқа берілді. Тұрғындарды қоныстойымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ляззат Шыңғысбаева құттықтады


Бүгіннен бастап Петропавлдағы бұрыңғы «Солнечный-2» шағын ауданының атауы ресми түрде Бірлік ауданы болып ауыстырылды. Естеріңізге сала кетейік, бұл шағын ауданда тасқын судан зардап шеккендер үшін 700 баспана салынып жатыр. Алғашқы 100 үйдің құрылысы 24 сәуір күні басталып еді. Бүгін алғашқы 53 үйдің кілті тұрғындарға табысталды. Жаңа баспана иелерін облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов құттықтап, күні-түні баспана салуға ат салысқан құрылысшыларға алғыс білдіріп, олардың бірқатарын алғыс хатпен марапаттады.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫІҢ ӘКІМІ:

- Бүгін қуанышты күн. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың алғашқы легі жаңа қонысқа ие болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жаңа үйлер салынуда. Қаржы бөлген демеушілерге және тез арада баспананы тұрғызуға ат салысқан құрылысшыларға алғыс айтамын. Зардап шеккендер үшін биыл қиын жыл болды. Жамандықтың бәрі артта қалсын. Жаңа үйде тек береке мен бақыт орнасын. Қоныс құтты болсын.


Бірлік шағын ауданында салынып жатқан 200 үйдің құрылысына «Қазақстан халқына» қорынан 5 млрд-қа жуық теңге бөлінген.Айта кетейік, бұл қор еліміздің 6 облысында баспана салу жұмыстарын қаржыландырып жатыр. Бүгін қоныстой иелерін қор төрағасының орынбасарыда құттықтап, ізгі ниетін білдірді.


ЛӘЗЗАТ ШЫҢҒЫСБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Су апаты болғанда біз осы өңірге келіп облыс әкімімен бірлесе сапалы әрі жақсы үй болуы керек екенін жоспарлаған болатынбыз. Алғаш осы жерге келгенде ештеңе жоқ тек кең дала болып тұр еді. Бүгін көріп өте қуанып тұрмын.


Бүгін жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Надежда Эстремских. Ол 40 жыл бойы Карьерная 7а мекенжайы бойынша тұрған. Петропавл тұрғынына баубақша өсірген ұнайды. Сол себепті де, ойланбастан Бірлік шағын ауданындағы жер үйлерді таңдаған.


НАДЕЖДА ЭСТРЕМСКИХ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Өткен уақытпен өмір сүруге болмайды. Бұл табиғи апат. Сол себепті де, көңіл күйді түсіңрмей тек алға жылжу керек. Жаңа үйім өзіме қатты ұнады. Жолдасымекеуміз осы үйде тұрып, бау-бақша өсіретін боламыз.


Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға бұл күні баспана кілтімен бірге үйлеріне арналған жиһаздарға да арнайы сертификат берілді.