Облыста фермерлердің біліктілігін арттыруға арналған семинар ӨТті. Бұл жолы шаруалар ресейлік сарапшы Павел Носаленкомен кездесіп, білікті маманның кеңесін алды. Жиналғандар сүтті мал шаруашылығын дамыту және сүт өндірісін көбейту мәселесін талқылады. Жиын соңында барлық қатысушылар сертификаттарға ие болды.
Семинарға барлығы 40-қа жуық адам қатысты. Жиынға қатысуға Қостанай және Ақмола облысының фермерлері де қызығушылық танытқан.
АЛТЫНБЕК АБДУЛЛАЕВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
- Енді осы орайда, малға қандай климат керек деген сұрақ. Ол, климатты қалай қалыптастырамыз? Келесі үлкен мәселе-жем-шөп. Қандай жем-шөпті өсіру тиімді, оны қалай өсіреміз? Және Солтүстік Қазақстанда қандай түрлерін өсіруге болады? Бүгін осы сұрақтардың жауабын айтатын боламыз.
Бүгінгі семинарға Ресейден арнайы сарапшы шақыртылған. Павел Носаленко 11 жылдан бері Кубань мемлекеттік аграрлық университетінде жұмыс істейді, осындағы «Краснодарское» оқу-тәжірибелік шарауашылығының директоры. Ал, ауыл шаруашылығы саласында жүргеніне 20 жыл. Өз ісін білетін және сүйетін білікті маман жиында сүтті бағыттағы мал шаруашылығы жайында тәжірибесімен бөлісті.
ПАВЕЛ НОСАЛЕНКО, САРАПШЫ, РФ:
- Бүгін бір ірі қарадан қалай 40 литрден көп сүт алуға болатыны туралы айтамын. Сондай-ақ, оларды дұрыс бағу, баптау мәселелері де сөз болады. Себебі, әр түрлі тұқымды сиырларға түрлі күтім керек. Жалпы, Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Мұнда барлығы керемет екен, ұнады. Алдағы уақытта серіктестігіміз одан әрі нығая түседі деген ойдамын.
Айта кетейік, фермерлердің біліктілігін арттыруға арналған семинар 6 рет өтіп жатыр. Алдағы уақытта да жалғасын таппақшы.