Мемлекеттік рәміздер күні облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынымен күресіп, оның зардаптарын жоюға үлес қосқан солтүстікқазақстандықтарды марапаттады. Өңір басшысы өңірдің 40 патриотына Алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында волонтерлер, кәсіпкерлер, журналистер, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес және бюджеттік ұйымдардың өкілдері, блогерлер, спортшылар және тағы басқалар бар.
Облыстық әкімдік қабырғасында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған жиын өтті. Салтанатты басқосу талай төрде шырқалып, Қазақстанның тұғырлы Тәуелсіздігін төрт тарапқа танытқан Гимн орындаудан басталды.
Залдағы патриоттық атмосфера кеудені кернейді. Оң қолды жүрекке қойып, әнұран шырқаған, әр сөзді сезінген жандар - тасқынмен күресте белсенділік танытқан солтүстікқазақстандықтар. Олар мақтау-марапаттың ең жоғарысына лайықты. Бұл адамдар толарсақтан саз, тізеден су кешті. Түрлі бағытта аянып қалмады. Елдің амандығын бәрінен биік қойған отансүйгіш теріскейліктерді мерекемен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Құрметті жерлестер, сіздерді Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 4 маусым - нағыз патриоттық мереке. Жас ұрпақ Ту, Елтаңба мен Әнұранды құрметтеп, бағалап, өсуі керек. Туымызды биік ұстайтын азаматтарымыз көп болсын!
Патриот қазақстандықтар барда белгілі суретші Шәкен Ниязбеков қалдырған көк туымыз тұғырдан түспейтіні айдан анық. Мерекелік басқосуда залда отырған жандар марапатталды. Оларға өңір жетекшісі Алғыс хатын табыс етті.
Құрметке бөленген жерлесіміздің бірі - «GERA» авторлық агенттігінің коммерциялық директоры Юлия Родионова. Қиын-қыстау шақта нәзікжанды волонтерлік топта тер төкті. Ол гуманитарлық көмекті қабылдау, бөлу және жеткізу ісінде үздіктердің бірі болды.
ЮЛИЯ РОДИОНОВА, «GERA» авторлық агенттігінің коммерциялық директоры:
- Мен еріктілерді мақтан етемін. Сіздер - нағыз батырсыздар. Еңбектеріңіз баршаға үлгі деп айта аламын. Біздің бірлігіміз берік болсын! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!
Мінберден жылы лебіз айтылды, тілек тілге тиек болды. Жалпы, мерекелік шарада 40 жерлесіміз марапатталды. Өңірде тасқынмен күресте белсенділік танытқан солтүстікқазақстандықтарды марапаттау жалғасын табады.