Биыл қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың бірі – Ерік Асқаровтың туғанына 65 жыл. Осыған орай Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Есілдің ер тұлғасы» атты жас ақындар айтысы өтті. Іс-шараға 10 оқушы қатысып, өзара мықтыны анықтады.


Сөз жүйрігін саралайтын додада 5 жұп ақын айтысты. Көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген жас айтыскер ақындар Ерік Асқаров шығармашылығы мен ізгі жолын тақырыпқа арқау етпек.


ТОҒЖАН ТӨЛЕГЕН, ҚАТЫСУШЫ:

- Домбыраға 5 сыныптан бері қатысамын. Домбыраға әпкемнен болды қызығушылық. Әпкем қатысқаннан кейін менде қатысты. Бірінші жарысымда бірінші орын алғанмын. Осы жолы екінші рет қатысайын деп жатырмын.


ЕЛНҰР ОҢДАСЫН, ҚАТЫСУШЫ:

- Менің жасым 11-ге келді. 2 жыл бұрын айтысып бастағанман. Мен ең бірінші айтысымда бірінші орын алғанмын. Ол осы Ғабит Мүсірепов кітапханасында болған.


ЖАЛҒАС ҚАБИ, ҚАТЫСУШЫ:

- Менің қарап жүретін айтыскерім ол – Мақсат Ақанов. Мен осы айтыскерді ұнатамын. Мақамын да жаттап алдым. Енді бүгінгі жарыста Мақсат Ақановтың мақамын көпке көрсетемін.


Айтысқа Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің тәлімгерлері, облыс орталығындағы білім ордаларының оқушылары, сондай-ақ, Мамлют және Қызылжар аудандарының жас ақындары қатысты.


ДАМИРА ЖҮСІПОВА, Ғ. МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл іс-шараның мақсаты: айтыстың арда күреңі, ақын, жерлесіміз – Ерік Асқаровтың өмірі мен бай шығармашылығын оқушылар арасында кеңіінен насихаттау. Есімін өнер жұртшылығына танымал еткізу.


Өңірде тарихты түгендеп, бүгінгіні жырға қосқан жас сөз шеберлерінің айтысы дәстүрге айналған. Жүзден жүйрік атанғандарға жүлделі орындар мен М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, Кәкімбек Салықов және Ерік Асқаров атындағы арнайы сыйлықтар табысталды.