Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың жаңа үйлеріне барып, қоныс тоймен құттықтады. Жалпы, Петропавлда 31 отбасы баспаналы болды.


Юлия Сабитова осыған дейін Ойқала ықшам ауданындағы, Калюжная көшесінде тұрған. Тасқын кезінде баспанасы су астында қалып, қайта жөндеуге мүлде жарамсыз болып қалған. Енді тұрғын қала орталығындағы 3 бөлмелі пәтерге ие болды.


ЮЛИЯ СӘБИТОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен бірнеше себепке байланысты пәтер алуды таңдадым. Менің ұлыма аутизм диагнозы қойылған. Әрлі-берлі көп жүреді, секіреді. Сондықтан, астыңғы қабатты таңдадым. Көршілерімізідң мазасын алғым келмеді. Пәтер, жақсы. Маған ұнады.


Пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, ішінде керекті жиһаздың бәрі бар.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Біз бүгінде барлығы 31 пәтер сатып алдық. Оның бірі-сіздікі болды. Менің ойымша, үйдің іші жақсы. Сіздерді құттықтаймын. Жалпы, облыстағы жағдай Президенттің бақылауында. Қалпына келтіру және залалды өтеу жұмыстары тиісінше жүргізіліп жатыр.


Ал, Серіковтар «Жас Өркен» шағын ауданындағы жаңа үйден бір бөлмелі пәтерді таңдаған. Перминов көшесіндегі ескі үйлері тұруға жарамсыз деп танылған. Қуаныш және Гүлденді алғашқылардың бірі болып облыс әкімі құттықтады.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Биыл үлкен апат болып, 3989 отбасының үйі су астында қалды. Президенттің тапсырмасына сай 520 үй салып жатырмыз. Жалпы, үйлердің 28 пайызы жарамсыз болып қалды. Адамдар қиындықта қалмайды. Жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ал, мына үйлеріңіз қайырлы болсын.Тек қана қуаныш болсын. Балаларыңыздың рахатын көріңіздер. Мақсаттарыңызға жете беріңіздер.


Қуаныш және Гүлден 2 бала тәрбиелеп отыр. Отбасы жақында қоңыс тойын жасамақ.


ҚУАНЫШ ЖӘНЕ ГҮЛДЕН СЕРІКОВТАР, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНДАРЫ:

- Біздің үйіміз 59 жылғы болды. Фундаменті жарылып, отырып қалды. Осы үйді өзіміз таңдадық. Жұмысқа, балабақша жақын. Көп рахмет. Қалған кісілер де барлығы үй алып, баспаналы болсын. Біздің жолымызды берсін. Мұндай жаман жағдай енді болмасын. Тек жақсылықтар орын алсын.


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқыннан зардап шеккен бірде-бір адам көмексіз қалмайтынын айтқан болатын. Облыста тұрғындарға арналып 520 үй салынады және 570 пәтер сатып алынады.