Тасқын судан зардап шеккен Заречный кентінің тұрғындарына «№13 орта мектепте» тегін нан таратылды. Бұл игі іс облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен қолға алынған. Ұйым «Петропавл нан-тоқаш комбинатымен келісімшартқа отырып, гуманитарлық көмек ретінде келген 3 тонна ұнды кәсіпорынға тапсырған. Енді комбинат күн сайын 200 бөлке нанды тасқыннан зардап шеккен жандарға үлестіріліп жатыр.


Су тасқыны кезінде зардап шеккен жандарға жан-жақты қолдау көрсетілді. Солардың бірі - Dez ЖШС мен Сұлтан АҚ-ы гуманитарлық көмек ретінде 3 тонна ұн жеткізген. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бастама көтеріп, оны “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” серіктестігіне тапсырған. Екі тарап арасында ортақ келісім де жасалған. Сол келісімшарт аясында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға күн сайын 200 бөлке нан пісіріліп, тегін таратылып жатыр. Бұл іс 20 күн бойы жалғасын таппақ.


БЕЙБІТ ӘБІЛЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Зардап шеккендерге әр мемлекеттік органдар, тіпеті жеке кәсіпкерлер өздерінің шамалары келгенше көмек көрсетіп жатыр ғой. Сол сияқты нан комбинатының жұмысшылары, басшыларының бастамасымен солай қолдап, осы ұнды пісіріп, осылай таратып жатыр. Облыстық халық ассамблеясының ішіндегі ақсақалдар алқасының бастамасымен бүгін Заречный тұрғындарына осындай бөлке нанды тегін беріп, үлестіріп жатыр.


Бұған дейін Ойқала шағын ауданының тұрғындарына бөлке нан тегін таратылған. Бүгін Заречный кентінің жұртына № 13 орта мектепте үлестірілді. Ендігі Былғары зауыты кентінде де қолға алынбақ.


СЕРГЕЙ ПЕТРЕНКО, «ПЕТРОПАВЛ НАН-ТОҚАШ КОМБИНАТЫ» ЖШС МЕНЕДЖЕРІ:

- Бүгін тұрғындарға таратылып жатқан нан дәмді екеніне күмәнім жоқ. Біз екі ауысымда жұмыс істеп. күн сайын бөлке пісіріп жатырмыз. Және оны аудандарға ыстық күйінде жеткізуге тырысамыз. Сондай-ақ қаламыздағы сұранысқа ие «Особый», «Нерли» атты нандарды пісіріп, халыққа үлестірдік.


«Петропавл нан-тоқаш» комбинаты күніне 16 тоннаға жуық нан пісіреді. Бүгінде кәсіпорында 400-ге жуық қызметкер еңбек етеді.