Өңірімізге іссапармен келген Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Дүниежүзілік татарлар конгресі Ұлттық кеңесінің төрағасы Василь Шайхразиев облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловпен Петропавлдағы татар-башқұрт қауымдастығының «Дін-Мұхаммад» мешітіне ат басын бұрды. Бұл – Петропавлдағы ең көне мешіт.

Мешіт ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни, 1854 жылы Сібір татарлары Янгузаров және Бачурин Дін-Мұхамедтің қаражатына салынған. Атауы да көпестердің бірінің есіміне байланысты қойылған. Ағымдағы жылы мешітке ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде: жуырда шатыр жаңартылды, ал көктемге қарай қасбетті аяқтау және су ағызу жүйесін орнату жоспарланған. Ғимараттың көлемі үлкен болғандықтан және қомақты қаржыны қажет ететіндіктен, жылыту мәселесі мен аумақты одан әрі абаттандыру өзекті күйінде қалып отыр. Мешіт жанында оқу сыныптары жұмыс істейді, онда татар және араб тілдерінен сабақтар өткізіліп, мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізіледі.

СНХ: ИБРАГИМ АХМЕТЖАНОВ – ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАТАР-БАШҚҰРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Кездесу барысында Василь Шайхразиев жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, Татарстанның тиісті қоғамдық құрылымдары арқылы қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ол бұл мәселені жақын арада жұмыс тәртібінде талқылауға уәде берді.

Кейін делегация «Абылай хан резиденциясы» музейіне барды.

Қонақтар үшін музей залдары бойынша экскурсия ұйымдастырылып, хан ордасының тарихы мен Абылай хан тұлғасының қазақ халқы тарихындағы маңызы туралы мәлімет берілді.Татарстан өкілдері экспозициялар мен тарихи материалдарға ерекше қызығушылық танытты.