Облыстың жас полицейлері арнайы эстафеталық жарыста күш сынасты. Тәртіп сақшыларының кәсіби дағдылары тексерілген бұл іс-шарада Қызылжар ауданының полиция қызметкерлері үздік атанды. 

Бронежилетпен жүгіру, оқ-дәрі жәшігін көтеру, шартты түрде жараланған адамды алып жүру, газтұмылдырықтағы жаттығулар. Бұл жерде күш пен төзімділік қана емес, бір сәтте өзгеретін жағдайға бағдарлана білу маңызды. Ал ең бастысы — командалық рух: өзара қолдау болғанда ғана жеңіске жеткізетін қымбат секундтарды ұтып алуға болады.

СНХ: ДАМИР БЕКМҰРЗИН — СҚО ПД АРНАЙЫ ЖӘНЕ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 

Эстафетаны облыстық полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамымен бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа қалалық және аудандық бөлімшелерден 28 жас полицей қатысты. Олардың әрқайсысының ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі үш жылдан аспайды.

Эстафетадан кейін полиция департаментінің психологтары қызметкерлермен арнайы сабақ өткізді. Оның мақсаты — командада жұмыс істеу дағдыларын нығайту.

«Заң және Тәртіп» қағидаттарын қорғауға дайындығын Қызылжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ең жоғары деңгейде көрсетті. Екінші орынды Петропавл қалалық полиция басқармасының командасы иеленсе, құрметті үшінші орын Шал ақын ауданының полицейлеріне бұйырды. Кәсіби дағдыларды тексеруге бағытталған бұл эстафета алғаш рет Тәуелсіздік күніне орай өткізілді. Полиция департаменті мұндай жарыстарды дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.