Петропавлда қайта жаңғыртудан өткен әмбебап теннис орталығы қолданысқа берілді. Нысанды жаңарту жұмыстарына 388 млн теңге жұмсалған. Осы күні бұл жерде сайыстар да өткізілді. Бұған қоса, Қазақстан теннис федерациясының "10 жасқа дейінгі теннис" бағдарламасы аясында №29 мектепте осы спорт түрі бойынша үйірме ашылды.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында спортты дамыту - аса маңызды міндет екені жазылған. Осыған орай Петропавлда әмбебап теннис орталығы қолданысқа берілді. Әлеуметтік тұрғыда аса маңызды нысан 2018 жылы ашылғаны көпке мәлім. Араға бірнеше жыл салып, ғимарат сыр берді, шеберлік шыңдалатын жерлерден ақау табылды. Салдарынан қолдарына ракетка ұстаған жастар жаттығуды тоқтатты. Орталық биыл қайта жаңғыртудан өтті.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын әмбебап теннис орталығы халықаралық стандарттарға сай келеді. Ішінде 4 корт болса, сыртта 3 корт салынған. Ойындарды 1200 адам тамашалай алады. Жаңғырту кезінде сапалы материалдар қолданылыпты. Мысалы, төсеніш сонау Америкадан жеткізілген. Қазір орталықта алғашқы сайыс өтіп жатыр. Бұл доданың деңгейіне құрметті қонақтар жоғары баға берді.

СНХ: БАУЫРЖАН ДОСҚАРАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ТЕННИС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Қайта жаңғырту жұмыстарына 388 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда орталықта 275 адам жаттығады, ал қызметкерлердің штаттық саны 14-ті құрайды. Заманауи нысанда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Жоспар бойынша қаламызда Қазақстан теннис федерациясы бекіткен алғашқы ірі дода қаңтар айында ұйымдастырылады.

Бүгін Петропавлда тағы бір айтулы оқиға орын алды. Береке ықшам ауданында "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынған №29 мектепте теннис үйірмесі ашылды. Бұл жерде балалар ракетка ұстауды, соққы жасауды, допты қабылдауды үйренбек. Шараға аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.

СНХ: ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдағы уақытта теннис үйірмесі Петропавлдағы тағы бір "жайлы мектеп" - 28-ші мектепте ашылмақ. Сонымен қатар, балабақшаларда да топтар құрылады. Мұнда тенниске икемі бар кішкентай балалар жаттығу жасамақ.