Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жатақханасында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Өңір жетекшісі әңгіме барысында ешкім қолдаусыз қалмайтындығын жеткізді. Зардап шеккендерге бірреттік төлем жасау үшін 900 млн теңге бөлінгенін айтты.


Аймақ басшысы облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жатақханасында болды. Нысан 244 адамға шақталған. Қазір мұнда су тасқынынан зардап шеккен 228 жерлесіміз уақытша тұрып жатыр.


Ешкім қолдаусыз қалмайды. Тілдесу барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көрсетілетін қолдау жайлы айтты.


Жатақхана жылы, іште қажеттінің барлығы бар. Тұрғындар дән риза.


Кездесуде облыс әкімі зардап шеккендерге бірреттік төлем жасау үшін 900 млн теңге бөлінгенін айтты. Жақын арада тағы 150 АЕК бөлінбек. Бұл қаржы мүлікті қалыпқа келтіруге, киім-кешек пен құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталады.