Әскери қызметшілердің дене шынықтыруын дамыту үшін пәнаралық байланыс пен инновациялық технологияларды қолдану. Осындай атаумен Петропавлда халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Салтанатты жиынға 100-ден астам әскери қызметші ат салысты. 10 ғылыми-баяндама оқылды.


Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны ҚР Ұлттық Ұлан академиясының дене дайындығы және спорт кафедрасы ұйымдастырған. Конференцияға шетелдік мамандардан бөлек, жергілікті университет академиктері, оқытушылар да қатысты. Тепсе темір үзетін жастардың дене дайындығын дамыту жолында еліміздің тарихы, білім саласына да көңіл бөлінді.


 Бүгінде Ұлттық ұлан академиясындағы дене дайындығы және спорт кафедрасының әскери қызметшілерінің бағындырған белестері аз емес. Аға оқытушылар арасында да спорттың небір түрінен әлем чемпиондары дәріс беріп жүр. Мәселен биыл Мақсат Нүсіпов полиатлоннан әлем чемпионатына қатысып қола жүлдеге ие болды. Осыған дейін 7 жыл қатарынан республикалық жарыстарға қатысқан. 2018 жылы самбо күресінен спорт шебері атанды. Бұл салада қызмет етіп келе жатқанына биыл – 15 жыл.


МАҚСАТ НҮСІПОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДЕНЕ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ СПОРТ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

- Бас қолбасшылығының және Ұлттық Ұлан академиясының мынау дене дайындығын дайындау бағытында істеп жатқан бағдарламасы өте зор. Оның тағы бір дәлелі қазіргі уақытта болып жатқан еліміздің басына түскен ауыр табиғи апат басталғалы курсанттарымыз күн демей, түн демей көмектесуде. Біздің курсанттар Қазақстан чемпионатында, халықаралық жарыстарда және әлем чемпионаттарында жүлделі үштіктен көрініп жүр жыл сайын.


Жиында ғылыми-баяндама оқығандардың қатырында Мирас Бірімжанов та бар. 2007 жылы кикбокстан әлем чемпионы атанған. Еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері.


МИРАС БІРІМЖАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДЕНЕ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ СПОРТ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

- Баяндамамда академиядағы спорт саласын дамытуды сөз еттім. Жалпы осыған дейін қалыптасып қалған өзіндік тарихымыз, спортшыларымыз бен чемпиондарымыз да жоқ емес. Курсанттарымыз облыстық іс-шараларда белсенді. Өзім де академияда оқып, алғашқы кірпішім осында қаланды.


Ғылыми-теориялық конференция осыған дейін Республикалық деңгейде бірнеше рет өткізілген. Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде қолға алынды.


ЕРЛАН БАЙЫМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДЕНЕ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ СПОРТ КАФЕДРАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Әр түрлі елдердің бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар, Ресей Түркия, Өзбекстаннан қалалар қатысуда. Конференцияның мақсаты: ол мамандар арасында тәжірбие, жаңа идеялар мен зерттеулер алмасу. Дене шынықтыру және спорт саласындағы озық тәжірбиелерді талқылау.


Жалпы ғылыми-теориялық конференцияға 45 мақала келіп түскен. Енді алда мақалалардың толық жинағы жарық көрмек.