Петропавлға тасқын судың екінші толқыны жетті. Есіл өзенінің деңгейі соңғы 8 сағаттың ішінде 9 см-ге көтерілген. «Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше сәуірдің 27-28-і күндері Петропавл маңында су тасқынының екінші толқынының ең жоғары деңгей тіркеледі.


Тасқынның екінші толқыны Петропавлға жетті. Күндізгі 16:00-де жария етілген дерекке сүйенсек, қала маңында Есіл өзенінің деңгейі 7 см-ге көтерілген. Осының әсерінен “Оңтүстік” өткізу бекеті аумағында су республикалық маңызға ие жолға қайта жақындады.


ҚЫМБАТ МЕРҒАЛИМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

- Қазіргі таңда топан су Қызылжар ауданының аумағында келе жатыр. Сәуірдің 27-28-і күндері Петропавл маңында ең жоғары деңгей тіркеледі. Күтілетін көрсеткіш - 1315-1335 см. Алғашқы тасқын кезінде максималды деңгей бұдан жоғары болды.


Облыс орталығы аумағында күндіз-түні бақылау жүргізіледі. Бүгінде Шал ақын ауданында жағдай тұрақталды. Осыған байланысты құтқарушылар тобы Петропавлға келіп, Ойқалада алдын алу жұмысына қатыспақ. Қазіргі таңда жергілікті билік топан суды аталған ықшам ауданнан шығару жайын ойластырып жатыр. Маңызды істе тегеурінді сорғылар пайдаға жарамақ.


КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Су басқан аудандарда қауіп бұлты сейілсе, біз бірден іске кірісеміз. Қарамағымызда 5 бірдей тегеурінді сорғы бар. Соларды пайдаланатын боламыз. Қазір Ойқала ықшам ауданында желілер тартылып жатыр. Құбырлар арқылы үйлердің аумағында, көшелердің бойында тұрған қарғын су сыртқа шығарылады.


Қоса кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында тасқынға қатысты жағдай 1-ші мамырдан бастап тұрақталады деген болжам бар.