Қоғам белсенділері өңірдегі халықты уақытша орналастыру пунктерін аралап, су тасқынынан зардап шеккендермен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Олар жаңа жатақханаға көшірілген жандардың жағдайымен танысып, тұрғындарға күн сайын медициналық және психологиялық көмек көрсетілуін бақылауға алды.


Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің жатақханасына көшірілген тұрғындарға күнделікті тиісті медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. №1 емхананың дәрігерлері күн сайын халықты тексерістен өткізіп, қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақырады. Күні кеше Алматыдан келген Қазақстан-Ресей медициналық университетнің 8 білікті дәрігері барлығы 150-ге жуық адамды қабылдаған және 60-қа жуық тұрғынды флюрографиялық тексерістен өткізген. Жалпы, күн сайын шамамен 7 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.


ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған эвакуациялық пукнтарға келіп, бұл кісілермен күнделікті жұмыс жүргіземіз. Олардың хал-жағдайын біліп, мысалы, психолог мамандар керек болуы мүмкін кейбір отбасылардың балаларына. Кейбіреулеріне азық-түлік жетіспеуі мүмкін. Сол сияқты біз барлығын біліп отырып, сұрап шығамыз және де қандай да дәрігерлердің көмегі керек пе барлығын сұрап, біз біліп отырамыз.


Сонымен қатар мамандар тұрғындарға мемлекет тарапынан берілетін біржолғы төлемді алуға қатысты құжаттарды толтыруға жәрдемдеседі. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне көмекке жүгінгендердің бірі – Иван Чикунов. Ол мамандармен бірге су тасқыны салдарынан келтірілген шығынды өтеуге өтініш берген.


ИВАН ЧИКУНОВ, ОЙҚАЛА ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мамандар су тасқынынан келтірілген залалды өтеуге қатысты құжаттарды толтыруға көмектесті. Алматыдан келген бізге дәрігерлер де медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ қызметкерлер тұрғындарға психологиялық көмек берді.


Айта кетейік, қазіргі таңда жатақханаға 230 тұрғын орналастырлыған. Оның 22-сі – бала. Олар, баспана мәселесі толық шешілгенше, осында тұрақтамақ.