Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараға қатысқан әскери қызметшілерге алғыс айтты. Қызмет барысында ерекшеленген сарбаздар мен офицерлерді полиция басшылығы алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ ведомство құрамындағы мәдени орталықтың қызметкерлері концерттік бағдарлама әзірлеп, әннен шашу шашты.


«Астана» өңірлік қолбасшылығына кіретін 31775 әскери бөлімінің 300-ден астам әскери қызметшілері Петропавлға 8 сәуірде келген. Олар Петропавл ауыр машина жасау зауытына орналастырылды. Құрлық әскерлерінің тәжірибелі офицерлерінің басшылығымен сарбаздар және келісім-шартпен қызмет атқарып жүрген әскерилер келе салысымен күн-түн демей ашық аспан астында бөгеттер тұрғызды, эвакуациялау, күзету шараларына қатысты.


Абылғазы Ғабдуллин, СҚО ПД тәрбие және кадрлық жұмыс басқармасының бастығы:

- Сіздер қиын сәтте жанымыздан табылып, бар күш-жігерлеріңізді жұмсадыңыздар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бір кісідей көмек көрсеттіңіздер. Сіздерге көптен көп рақмет. Борышты абыроймен атқарып, елдеріңізге аман-есен оралуға тілектеспіз!


Құрлық әскерлерімен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5537 әскери бөлімінің сарбаздары да өңірімізде су тасқынына қарсы күресте тынбай қызмет атқарды. Олар жергілікті 6637 әскери бөлімінің сарбаздарымен, курсанттармен және полицейлермен бірге бекеттерде құқықтық тәртіпті сақтады, су басқан аймақтарды қоршауға алып патрульдеді.


Бірлесіп атқарған қызметтері үшін алғыс ретінде полиция департаментінің басшылығы әскерилерге концерттік бағдарлама ұйымдастырды. СҚО Полиция департаментінің басқарма бастығы Абылғазы Ғабдуллин офицерлерге, сержанттар мен ефрейторларға облыстық полиция бастығы Айдын Қабдұлдиновтың атынан Алғыс хаттар табыстады. 6637 әскери бөлімінде полицейлерге командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Шухрат Әшімов алғысын білдірді. Полицейлер әскери қызметшілерге Отан алдындағы борыштарын осылай лайықты атқарып, үйлеріне аман-есен оралуын тіледі.