Өңірде су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтар біржолғы төлемді алып жатыр. Тайынша ауданының тұрғындары өтініш беріп, осы күнге дейін барлық 23 отбасы жалпы сомасы 8 млн 491 мың теңге көмек алды.


Тайынша ауданында су тасқыны кезінде 8 елді мекенде 21 үй су астында қалды. Оның екеуі екі пәтерлі баспана. Бұл үйлерде 55 адам тұрған.


2 сәуір күні тасқынның салдарынан менің үйімді су басты. Сосын дереу жергілікті атқарушы органдардың көмегіне жүгіндім. Алдымен арыз жаздым, соның нәтижесінде біржолғы көмек алдым. Енді арнайы комиссияның келтірілген шығынды есептеп, көмек көрсеткенін күтіп отырмын.


Әкімдіктің атқарған жұмысының арқасында жағдайымыз реттеліп жатыр. Су тасқынының салдарынан келтірілген барлық шығынды бағалаушылар есептеді. Сондықтан бізге осындай көмек көрсетіп жатқаны үшін әкімдікке алғысым шексіз. Бізге бөлінген ақшаның барлығын шығынның орнын толтыруға жұмсамақпыз..


12 сәуірден бастап тұрғындарға су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды тиісті бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы комиссия барлық шығындарды есептеді. Нәтижесінде, зардап шеккен 20 тұрғын үйдің шығынын өтеу үшін резервтен 9 млн теңгеге жуық қаражат бөлінбек.


ЕРКЕБҰЛАН ДЮСЕМБИН, ТАЙЫНША АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Компанияның бағалауы бойынша жиырма үйге 8 миллионнан астам шығын келтірілген. Шамамен, әр үйге орта есеппен төрт жүз мың теңге шығады. Бұл ретте бағалаушы компания қазіргі таңда су тасқыны салдарынан шығынға ұшыраған мүліктің есебін анықтап жатыр. Атап айтсам, бұлар тұрмыстық техника мен жиһаз сынды қажетті заттар.


Жалпы Тайынша ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.